Қалашықтың құрылысына жауапты Азия ойындарын өткізу жөніндегі Астана қалалық дирекциясынан мәлім еткендей, 10 желтоқсаннан бастап елордаға қытайлық «Хунтэнда» компаниясының мамандары келе бастайды. Компания орын тепкен — Харбин қаласы әлемге мұз және қардан жасалған мүсіндердің жыл сайынғы фестивалімен танымал. Мамандардың шығармашылық қиялдарынан шыққан мұзды мүсіндерді жай ғана мұзды қалашық деп айтуға болмайды. Ол өзіндік инфрақұрылымы, философиясы мен қайталанбас үлгісі бар қалалар. Осыған ұқсас дүние «Мәдени Азиада» жобасы шеңберінде Астанадағы «Думан» ойын-сауық кешенінің алдындағы алаңда пайда болады.
«Жобаны жүзеге асыруды бастағанда қала басшылығы, Азиада қонақтарына мұзды және қар қалашықтарын салу «ғылымының» заманауи үдерістері мен технологияларын пайдалана отырып, қазақ халқының салт-дәстүрін көрсету міндетін қойды», — дейді Азия ойындарын өткізу жөніндегі Астана қалалық дирекцияның хаттама және мәдени іс-шараларды өткізу бөлімінің бастығы Ербол Жайлауов.
Заманға сай қалашықтың идеологиялық және этномәдени дизайнын әзірлеумен қазақстандық екі команда айналысты. Соңғы тұжырымдаманы Астана қаласының Суретшілер одағы жасады. Нәтижесінде елордалықтар мен қала қонақтары уақыттарын көңілді өткізе отырып, ашық аспан астындағы көне мұражайды тамашалай алатын болады. Мұздан жасалатын 50 мүсін мен еліміздегі сәулеттік дизайны бірегей ғимараттардың негізінде жасалған 7 сырғанақтың әрқайсысының тұсында, олардың атаулары мен тарихи маңыздылығы жазылған тақтайшалар болады.
Е.Жайлауовтың айтуынша, қытайлық компания мұз қалашығына өздерінің жарықтандыру құралдарын пайдаланады. Сондықтан, қазақстандық суретшілердің идеяларын жүзеге асыру бес есе арзанға түседі.
Жалпы қалашықтың дизайны бірнеше тарихи кезеңнен тұрмақ. Мәселен, қалашықтың басты сырғанағы — «Алтын Орда» сахналық алаңы. Ал сақтар мен скифтік дәуірдің мүсіндері Астанада бұған дейін пайдаланылмаған технологиялар бойынша жасалады. Қаланың бір бөлігі сонымен бірге, қазақтың дәстүрлеріне, ертегілеріне, тағы бірі Жаңа жыл мерекесінің дәстүрлі кейіпкерлеріне арналады. Қалашықтың құрылысына барлығы 1409,65 текше метр мұз кірпіштері пайдаланылмақ.
Қалашықтың бүкіл ауданы мұз айдынынан тұрады. Сондықтан қазір конькилерді жалға беру орындарын ашу мәселесі ойластырылуда. Жалпы дизайнерлік идеяларға үйлесу үшін, жалға беру бекеттері бұрынғыдай дүңгіршектерде емес, киіз үйлерді орналасатын болады.
Және ең бастысы, нақты осы қалашықтың қақ ортасында 7-нші Қысқы Азия ойындарының басты қазандығы алаулап тұратын болады. Естеріңізге салайық, Ақ Азиаданың басты қазандығы 30 қаңтар күні «Астана-Арена» стадионында ойындардың салтанатты ашылуы барысында жағылады. Бірақ стадионда спорттың ешбір түрінен ойындар өтпейтіндіктен, бас қазандық бос ғимаратта алауламас үшін, оны көпшіліктің назарына шығару ұйғарылды. Онымен бірге, нақ осы алаңда елімізге келетін Ақ Азиада қонақтарының (45 ел) құрметіне, әрбір елдің мемлекеттік тулары биікке көтеріліп, әнұрандары шырқалмақ.