Қысқы Азия ойындарын және Алау эстафетасын өткізу жөніндегі Астана қалалық дирекцияның ұйытқы болуымен өңірлік штабтардың өкілдері елордада бас қосып, «Астана-Арена» стадионы маңында дайындық эстафетасын өткізді. Еске салайық, Қазақстанда, жалпы қысқы Азия ойындарының тарихында алғаш ұйымдастырылғалы отырған Алау эстафетасы еліміздің барлық өңірлерін қамтитын болады. 2008 жылы елімізде Бейжің олимпиадалық ойындары эстафетасының кезеңі өткені белгілі. Бірақ ол біркүндік шара болды. Толыққанды эстафета ТМД аумағында бұрын-соңды өткізілмеген. Сондықтан барша ел көз тігіп отырған шараны аса жоғары деңгейде ұйымдастыру мемлекетіміз үшін — абыройлы міндет, зор жауапкершілік. Сол себепті де эстафетаға дайындық және алаугерлерді іріктеу жұмыстарын жүргізу үшін барлық аймақтарда облыс әкімдерінің төрағалық етуімен өңірлік штабтар құрылған болатын.
«Жалпы алғанда эстафетаны ұйымдастырудың негізгі мәселелері шешілді. Өңірлік штабтардың мамандары біз әзірлеген ұсынымдар бойынша егжей-тегжейлі жұмыстар жасап жатыр. Бүгінгі міндетіміз қордаланған теориялық сұрақтарға іс жүзінде жауап беру», — дейді Астаналық Дирекцияның басшысы Наиль Нұров.
Н.Нұров атап көрсеткендей, өңірлік штабтар алаугерлерді алдын ала іріктеу жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, Дирекциялар мен Халықаралық Олимпиада комитетінің талаптарын барынша орындады. Ендігі кезек алаугерлердің тізімін бекітетін республикалық комиссияның еншісінде. Тізімдер бекітілгеннен кейін әрбір алаугерге оның эстафетадағы орнын көрсететін жеке нөмір беріледі. Ал желтоқсан айының соңында олар Азиаданың логотиптері бар нысанды киімдер алады.
Оның айтуынша, алаугерлерге ең бастысы — асықпау қажет. Әрбір алаугерге алау құтысын (факелді) қабылдап алғаннан кейін бұрылып, оны эстафетаны тамашалаушы жұртқа, суретке түсіруші туыс-туғандары мен бүкіл елге көрсетуге жеткілікті уақыт беріледі. Ең бастысы бұл сәтте — өз-өзін еркін ұстау. Себебі, сынамалық эстафетаның өзінде алаугерлердің рөлінде болған еріктілер бұл еркіндікті таныта алмады. Дайындығы жоқ адамға сасқалақтау қалыпты жағдай екендігін айтқан Н.Нұров, Бейжің эстафетасының Алматыда өткен кезеңінде алау алып жүрушінің елге, әлемге танымал «жұлдыз» болғандығына қарамастан, олардың қатты абыржығандарын еске алды. Осы ретте, өңірлік штабтардың басшылары Эстафета алдында алаугерлер үшін оқу-жаттығуларды өткізу мәселесін көтерді.
Сынамалық эстафета барасында, сондай-ақ, Алау эстафетасы мен ойындардың ажырамас нысандары — факел мен тасымалданбалы оттық таныстырылды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, факелдің дизайны Алматы маңында табылған, біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-І ғ. жататын сақтардың жарықтандырғыш құралы негізінде жасалды. Түрлі-түсті металлдан құйылған алау құтының сырты күміс және алтын түсті бояулармен көмкерілген. Факел ұзақтығы 1 сағатқа дейін жететін газ баллонының көмегімен жанады. Факелдің ұзындығы — 65-66 сантиметр, салмағы 1,700 грамм. Бұл аса көп салмақ болмағанымен оны абыроймен және барынша әдемі алып өту керек. Сол себепті эстафетаның өңірлердегі кезеңдерін ұйымдастырушыларға балалар мен егде адамдардың жүгіріп өтуі тиіс межесін қысқарту тапсырмасы қойылды.