Астанада Әбілахаттың әндері шырқалады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+5 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада Әбілахаттың әндері шырқалады

Астанада Әбілахаттың әндері шырқалады

Бүгін Астанадағы «Конгресс-Холл» сарайында сазгер Әбілахат Еспаевтың 85 жылдығына орай ән кеші өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  • 8 Қазан 2010
  • 1481
Фото - Caravan.kz

Ән кешіне танымал өнер иелері қатысып, сазгердің халық жүрегінен орын алған әндері шырқалады.

Әбілахат Еспаев жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында ұлттық ән өнеріміздің алтын қорына құнды дүниелер сыйлады.

Дарынды сазгер Әбілахат Еспаев 1925 жылы дүниеге келіп, 1976 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. 1951-1953 жылдары Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясы) жоғары білім алған. Қазақ радиосында музыкалық редактор болып еңбек еткен Ә. Еспаевтың жүрегінен небір музыкалық шығармалар өмірге келді.

Айта кету керек, сазгер тек ән ғана емес, романс, хор, баллада жанрындағы шығармалар да жазғаны белгілі. Әрбір қазақ өзін тәрбиелеген мұғаліміне әрдайым сазгердің «Ұстазым менің, ұстазым» әнін айтып, алғысын жеткізіп келеді.

Ә. Еспаев сонымен қатар «Қайдасыңдар, достарым!», «Әлі есімде», «Ақ сәуле», «Жайық қызы», «Батыр бала Болатбек», «Бейбітшілік сақталады», «Маржан қыз» және басқа да осы секілді таңғажайып әндерімен өз қолтаңбасын қалдырған сазгер.

Әбілахат Еспаевтың ән кешін Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының бас директоры, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегерi, белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлi ұйымдастырып отыр.