Астанада жолаушылар автобусында өрт шықты, деп хабарлайды еліміздің төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.
Оқиға бейсенбі 3 қаңтарда болған.
"Өрт сөндіру қызметіне Астанада Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылында №41 жолаушылар автобусының өртенгені туралы хабар түсті. Артқы дөңгелек тұтаныпты", — деп мәлімет берді ведомство.
Өрт 12:36-да ауыздықталып, 12:38-де сөндірілді.
Автобуста болған адамдар зардап шекпеген. Өрттің себебі анықталып жатыр.
Астанада таңертең ерте жекеменшік балабақшада өрт болды. Балабақша етіп жасалған коттедждің жертөлесінде дизель құйылған ыдыс жана бастапты. Өрт тез арада сөндірілді. Ешкім зардап шеккен жоқ – өрт шыққан кезде балабақшада балалар мен тәрбиешілер болмаған.