Автор «Скифиада» тарихи дастанын жарыққа шығару үшін ширек ғасырдай уақытын жұмсаған. Бұл дастанда осыдан екі мың алты жүз жылдай бұрын ұлан-байтақ Еуразия кеңістігінде өмір сүрген сақ-скиф тайпаларының Мәди патша бастаған жаугер жасағының Таяу Шығысқа жасаған атышулы жорығы баяндалады. Осы ежелгі ел-жұрттың тіршілік-тұрмыс қалпы мен салт-дәстүрі, оның қазір көне саналатын Египет, Қытай, Вавилония, Ассирия, Иудея-Израиль, Греция өркениетімен қарым-қатынасы тілге тиек етіледі. Ақын көшпелі қауымға тән еркіндікке құштарлық пен өршіл рух, адамгершілік пен ағайыншылық, еркек пен әйел арасындағы сүйіспеншілік, достыққа адалдық, қаһармандық пен қайырымдылық, ата-баба аруағына құрмет пен туған ошақтың түтініне деген сағыныш сияқты мәңгілік адами асыл қасиеттер жайлы толғанады. Кітаптың екі томы да жиырма бес бөлімнен тұрады.
Сұлтан Аманғали Сағынұлы 1936 жылы 5 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы (бұрынғы Чапаев), Талпын ауылында дүниеге келген. Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтын тәмамдаған соң, 1961 жылдан бастап Мәдениет министрлігінде, отандық радио, телеарналарда жұмыс істейді. 1975 жылдан бастап кеңес үкіметі тарағанға дейін ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумында қызмет атқарады.
Алғашқы өлеңдері 1958 жылы облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде жарияланған А. Сұлтан өлеңдер мен поэмалардан құралған бірнеше жинағын қазақ тілінде, «Антилопья трава» атты жинағын орыс тілінде жарыққа шығарды. В. Гюгоның «93-й год» романын қазақшалаған қаламгер Ресей Жазушылар одағының мүшесі.
«Айдын шалқар» (1979), «Жазғытұрым жаршысы» (1984), «Кең дала» (1977), «Құтты мекен» (1987), «Талтүс» (1961) сынды жыр жинақтарының авторы А. Сұлтанов туған ел, жер, замандастар жайында лирикалық өлеңдер жазған. Адам тағдыры, махаббат пен жастық, замандастарының ой-сезімі, мақсат-мүддесі ақын жырларының басты тақырыбына айналған.
Тұсауы кесілгелі отырған «Скифиада» тарихи дастаны ақынның саналы ғұмырында алған ең биік асуы, ұзақ та табанды ізденісінің құнды нәтижесі.
Іс-шараға Президент Әкімшілігі, Парламент депутаттары, ҚР Мәдениет министрлігі, БАҚ өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары шақырылып отыр.