Астанада атақты сәулетшінің құпия сызбасын қолды қылған ұрыларға іздеу жарияланды
Астанадағы ең үлкен саябақтың сәулеттік сызбасы қолды болды. Белгісіз біреулер жоба авторының кеңсесіне басып кіріп, компьютерін көтеріп кетіпті. Сол ұрланған компьютердің ішінде Еуропада өтіп жатқан байқауға Қазақстанның атынан түскен жобаның түпнұсқасы сақталған екен. Енді халықаралық байқаудан Елорданың символы саналатын нысан сызбасы мүлдем аластатылуы мүмкін. Өйткені, егер комиссия мүшелері қосымша ақпарат сұраса, сәулетші |
Елордадағы ондаған ғимараттың авторы, атақты сәулетші Александр Хванның кеңсесі Астанадағы бесжұлдызды қонақ үйлердің бірінде орналасқан. Мұнда көбіне іссапармен келген кәсіпкерлер және шетелдік қонақтар, дипоматтар тоқтайды. Яғни, бас қаладағы ең қауіпсіз әрі қымбат нысан. Бір қызығы қаскөйлер дәл осындай элиталық қонақ үйдегі кеңсенің есігін емін-еркін сындырып, тонап кеткен.
Александр Хван, сәулетші:
-Сол күні бірнеше камера жұмыс істемей қалған. Түк түсіне алмадым. Сәулетші ретінде бірінші компьютерімді іздедім. Ішінде жарты жылдық жұмысым бар еді.
Қолды болған компьютердің құны миллион теңге тұрады екен. Алайда, сәулетші құнды техниканы емес, ішіндегі жобаларын жоқтап отыр.
Александр Хван, сәулетші:
-Ұрланған компьютерде Еуропада өтетін үлкен байқауға Қазақстанның атынан қатысып жатқан жобаның түпнұсқасы болған. Яғни, бар ақпарат жоғалып кетті. Компьютерді алған адамдарға жалғыз өтінішім бар – ішіндегі құжаттарды қайтарса.
Халықаралық байқаудың талабы бойынша Астанадағы сынға түсіп жатқан нысанды көрсетуге болмайды дейді сәулетші. Елорданың символына айналатын нысанның сәулеттік сызбасын ұрланғандарды қазір полиция іздеп жатыр.
София Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
-Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Полиция қызметкерлерімен кешенді жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.
Егер полицейлер жақын арада қарақшыларды қолға түсіріп, ұрланған копьютердегі құжаттарды қайтара алмаса, Қазақстан жыл бойы жүріп жатқан сәулетшілер арасындағы халықаралық байқаудан аластатылуы мүмкін. Өйткені, комиссия мүшелері қосымша ақпарат сұраған жағдайда, автордың қолында бір де бір сызба жоқ. Ал, жобаны қайта қалпына келтіру үшін кем дегенде жарты жыл уақыт керек екен.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін