Астанада ауылдық аумақтарды сумен және құбыр жүйесімен қамтамасыз ету жөніндегі жоба бойынша несие беру туралы келісімге Азия Даму банкі мен ҚР үкіметінің өкілдері қол қойды - kaz.caravan.kz
  • $ 530.12
  • 546.08
-7 °C
Алматы
2025 Жыл
17 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада ауылдық аумақтарды сумен және құбыр жүйесімен қамтамасыз ету жөніндегі жоба бойынша несие беру туралы келісімге Азия Даму банкі мен ҚР үкіметінің өкілдері қол қойды

Астанада ауылдық аумақтарды сумен және құбыр жүйесімен қамтамасыз ету жөніндегі жоба бойынша несие беру туралы келісімге Азия Даму банкі мен ҚР үкіметінің өкілдері қол қойды

Бүгін, 9-ақпанда Астанадағы ҚР қаржы министрлігінің ғимаратында ҚР үкіметі мен Азия Даму банкі арасында ауылдық аумақтарды сумен және құбыр жүйесімен қамтамасыз ету жөніндегі салалық жоба бойынша несие беру туралы келісімге қол қойылды. Келісімге ҚР қаржы министрі Ерболат Досаев пен Азия Даму банкінің Қазақстандағы тұрақты өкілдігінің директоры Казухико Хигучи қол қойды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 9 Ақпан 2004
  • 542
Фото - Caravan.kz

«Еліміз бен Азия даму банкі арасындағы ынтымақтастық аясында бүгін тағы бір айтулы оқиға болып өтті»,- деді келісімге қол қою рәсімінен кейін ҚР қаржы министрі Е.Досаев. Оның айтуынша, бұл жобаны дайындауға үш жыл уақыт сарп етілген. «Жобаның мақсаты, негізгі инфрақұрылымдық нысандар мен су қамтамасыздығы жүйелерін салу арқылы Қазақстандағы ауылдық жерлер тұрғындарының тіршілік ахуалын жақсарту, денсаулығын сақтау болмақ»,- деді ол.

Қаржы министрінің айтуынша, жобаға 80 кіші жоба қамтылған. Олар еліміздің Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 200-ден 6 мыңға дейін тұрғындары бар 400 елді мекенінде сумен қамтамасыз ету және канализация жүйелерін қалпына келтіру, суды тазарту, тарату және жинау қондырғылары, насостық станциялар мен су құбырларын жөндеу секілді жұмыстарды қамтиды. «Біздің пайымдауымызша, еліміздің төрт облысында бұл жобаны табысты жүзеге асыру алдағы уақытта еліміздің басқа аймақтарында осындай жұмыстарды ұйымдастыруға түрткі болмақ»,- деді Е.Досаев.
Азия Даму банкінің Қазақстандағы тұрақты өкілдігі директорының айтуынша, жоба құны 65 млн. долларға тең. Оның 20,9 млн. долларын Қазақстан жағы шығарады. Оны республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттерден бөлу қарастырылған. 34,6 млн. долларын Азия даму банкі шығарса, тағы 9,5 млн. долларын Ислам даму банкі бергелі отыр. Бұл туралы келісімге Ислам даму банкі 2003-жылдың 2-қыркүйегінде қол қойған. Азия даму банкі бұл несиені өзінің қарапайым капитал қорынан 5 жылдық жеңілдетілген мерзіммен ЛИБОР ставкасына сәйкес 25 жылға бермекші. Жоба 2009-жылға дейін 6 жылда жүзеге асырылуы тиіс. ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитеті жобаны атқарушы агенттік ролін атқарады.