Айта кетейік, спорттық клубтарға арналған банктердің кобрендингтік карталары әлемде кеңінен тараған. «Алайда Қазақстанда бұл тәжірибе бұған дейін қолға алынған жоқ. Бұл тәжірибе Ресейде енді дамып келеді, яғни олар бүгінде футбол командаларымен осындай карталарды шығарып отыр»,-деді «Цеснабанк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марс Алдашов.
«Бүгін спорт клубтары әрбір елдің брендіне айналып бара жатыр. Осы орайда командалардың жанкүйер қауымы да артып отыр. Өз кезегінде жанкүйерлер өздерінің командаларының логотипі бар өнімдерін алуға ықыласын танытуда. Осының ішінде төлем карталары да бүгінде үлкен сұранысқа ие болуда. Атап айтқанда, хоккей командасына арналған картаны айналымға жіберу бастамасын біз ТМД елдерінің арасында алғаш қолданып отырмыз»,-деді М. Алдашов.
Оның айтуынша, «Барыс» командасының белгісімен басылған VISA дәрежелі бұл халықаралық карта 1 мың данамен шығарылды. «Бұл эксклюзивті дизайнмен басылған карталар әлемнің кез келген елінде, барлық банкоматтарда қабылданады. «Біз осы карталарды шектеулі, яғни 1мың данамен ғана шығарып отырмыз. Бүгінде «Барыс» бренді елімізде танымал командалардың бірі және бұл ұжым хоккей спортында Қазақстанды кеңінен танытып жатыр. Осыған орай банк мұндай жобаларды іске асыру арқылы елімізде жастар арасында хоккей спортын насихаттауға ниет танытып отыр»,-деді М. Алдашов.
Атап айтқанда «Барыс» жаңа төлем картасы барша тұтынушыларға арналған. Бұл карта 5 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейінгі номиналмен шығарылады және оны «Цеснабанк» АҚ-ның барлық бөлімшелерінен алуға болады.