Астанада Бекет ата Мырзағұлұлының 260 жылдығы аталып өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-7 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада Бекет ата Мырзағұлұлының 260 жылдығы аталып өтті

Астанада Бекет ата Мырзағұлұлының 260 жылдығы аталып өтті

Кеше, қыркүйектің 12-сі күні, Астанада Бекет ата Мырзағұлұлының 260 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  • 13 Қыркүйек 2010
  • 820
Фото - Caravan.kz

Бекет ата 1750 жылы қазіргі Атырау облысы, Жылыой ауданының аумағында, Жем өзенінің бойындағы Ақмешіт деген жерде туған. Елді қорғауда, ислам дінін насихаттауда алатын орны ерекше.

Айта кету керек, Бекет атаға арналған осындай шаралар бұған дейін Атырау облысында, Алматы қаласында болып өтті. Астана қаласындағы «Тұран» мейрамханасында Бекет атаның рухына арналып құран оқылып, ас берілді.

Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес САРАЙ Бекет ата туралы ой толғап, оның қазақ тарихындағы рөлі, елді қорғаудағы ерлігі, имандылық жолындағы игі істері, әулиелік қасиеттері жөнінде әңгімелеп берді. Сенатор Орынбай Рахманбердиев бұл шара үш жүздің басын қосқан оқиға болды деп атап өтті. Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев алдағы аптада Бекет атаның 260 жылдығы Маңғыстау өңірінде аталып өтетінін айта келіп: «Бекет ата феномені әлі де зерттеледі. Жұмыр басты пенденің барлығы бірдей әулиенің қасиеттерін түсіне қоюы қиын. Ел басына күн туған заманда елін қорғаған, қазақ жұртына пана болған, әділ сөзін айтқан Бекет ата халқымен бірге жасай береді»,-деді.

Осы басқосуда Бекет атаның өмірі мен халқымызға жасаған өлшеусіз еңбегі туралы «Түркі әлемі» телестудиясы шығарған деректі фильм көрсетілді.

Бүгінгі таңда сазгерлер Бекет атаға арналған ән-күйлерді шығарып жатыр. Ақындардың жазған өлеңдері де аз емес. Соның бірі — белгілі күйші, Қазақстан Республикасына еңбең сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаев «пір Бекет» атты күй шығарғаны мәлім. Бұл күйді жиналғандар алдында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, домбырашы Жанғали Жүзбай орындады.

Домбырашы Бақытжан Дүйсенғазы Абылдың күйін тартты, әнші-термешілер Айгүл Елшібаева мен Нүркен Тельман халықтың жүрегінен орын алған термелерді нақышына келтіре шырқады.

Бекет ата қорының мүшелеріне, Астанадағы шараны ұйымдастырушылардың жетекшісі Игілік Қилыбайұлына ризашылықтарын жеткізді.

Осы жиынның қорытындысында бес ата ұрпағының иықтарына шапан жабылып, жайнамаз табыс етілді. Асқа келген әр адамға тәбәрік берілді.