ҚР Мәдениет министрлігінің мәліметінше, аталған іс-шара шеңберінде «Классик-авангард» жеке орындаушылар ансамблінің концертін, қазіргі заманғы беларус кескіндемесінің көрмесін және беларус киносының күндерін өткізу жоспарлануда. Мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы қыркүйектің 6-да сағат 19:00-де К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында өткізіледі.
«Классик-авангард» жеке орындаушылар ансамблі 1988 жылы құрылды. Ансамбльдің дирижері және көркемдік жетекшісі Владимир Байдов. Ұжымда 18 кәсіпқой музыкант өнер көрсетеді. Қазіргі заманғы беларус кескіндемесінің көрмесі Қазақстан көрермендері үшін Беларус дарын иелерін танып білуге көмектеседі. Экспозицияға қатысушы жиырма төрт автор өз кезегінде офорт, акватинта, мецца-тинта, құрғақ ине техникасымен жұмыс жасап, сонымен қатар линогравюра, литография, акварельмен белсенді түрде айналысады. Көрме бірқатар суретші буынын таныстырып, шынайы бейнелеуден шартты жасампаздық ұқсастыққа ауысуда жаңа технологияларды пайдалана отырып, түрлі тақырыптарға өтуді көрсетеді.
Беларус киносының күндері аясында Қазақстанда көркем, деректі, анимациялық фильмдер, сонымен қатар, Беларус бейнеорталығының бірқатар фильмдері көрсетіледі», делінген Мәдениет министрлігінің хабарламасында.