Жарияланды: 460

Астанада «Білім меценаттары-2012» жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді

26 қазанда Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Білім меценаттары-2012» білім саласы меценаттарын қошеметтеу салтанаты өтеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы кезеңінде көптеген игілікті жұмыстар атқарылды. Кәсіпкерлер, ұйымдар мен компаниялар көптеген меценаттық шараларға белсене қатысуда. ҚР Білім және ғылым министрлігі 2008-2012 жылдар аралығында атқарылған жұмыстарға мониторинг өткізді. Айталық, төрт жылдың ішінде білім ұйымдары мен мектеп оқушыларына 40 млрд. теңгеден астам көмек көрсетілген. Бұлар - 5 мектеп пен 7 балабақша құрылысы, 34 мектеп пен 20 балабақшаға күрделі жөндеу өткізу, мектептер үшін 6 автобус сатып әперу, 22 мектепке құрал-жабдықтар сатып әперуге көмектесу, республика бойынша 20-дан астам мектепке оқушылардың оқуы мен демалысы үшін қаражаттар бөлу сияқты игі істер. Бұл шараның мақсаты - білім беру жүйесін дамытуға қоғамның назарын аудару, сондай-ақ қайтарымсыз қайырымдылық көрсеткен адамдарға, ұйымдар мен кәсіпорындарға ризашылық білдіріп, қошемет көрсету. Салтанатқа республиканың барлық өңірлерінен білім беру ісіне ұдайы көмектесіп келе жатқан, талантты жетім балалар мен тұрмысы төмен отбасыларын шыққан балалардың жоғары оқу орындарына түсуге қол ұшын берген меценаттар шақырылып отыр. Салтанатта «Болашаққа инвестициялар», «Балалықтың үздік достары», «Болашаққа қамқорлық», «Қайырымдылық - өмір салты», «Шын жүректен» және «Қоғамдық танымалдық» аталымдары бойынша меценаттардың есімдері белгілі болады. Шараның басты сәті - оларды «Меценаттықтың алтын кітабына» жазу рәсімі болмақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін