«БҰҰ-ның бүкіл әлемдегі қызметінің арқасында, және оның идеологиясын насихаттау арқылы келелі болашаққа деген үмітіміз қашан да жарқын. Сол арқылы бүткіл адамзат ортақ проблемалармен жұмыла күресіп, ортақ мүдделер үшін жетістіктерге қол жеткізетін болады. Қазақстан БҰҰ-мен және оның жүйесіндегі ұйымдармен ұлттық әрі халықаралық ауқымда ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті», деп атап өтті өз сөзінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Әсел Өтегенова.
Өз кезегінде БҰҰ-ның Резидент үйлестірушісі міндетін атқарушы Ханаа Сингер, аталмыш халықаралық Ұйым жалпы адами құндылықтарға жататын — толеранттылық, өзара сыйласымдық пен адамгершілік қасиеттердің маңыздылығын әрдайым бірінші кезекке қоятынын атап өте келе: «Біз айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік, атап айтқанда, сауаттылық деңгейі мен өмір сүру ұзақтығы артты, демократиялық ұстанымдар дамып, білім мен технологияларға қолжетімдік ауқымы кеңейді», — деді.
Концерт барысында Өнер академиясының ең үздік студенттері Бах, Шопен, Штраус және тағы да басқа танымал шетел композиорлардың туындылары мен қазақтың халық әндерін орындады. Сондай-ақ өнерсүйер қауым назарына домбыра, скрипка, виолончель, арфа, баян аспаптарының әуезді әуендері ұсынылды.
Еске салайық, Біріккен Ұлттар Ұйымы — Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттерінің белсенділік танытуымен 1945 жылы маусымның 26-сында құрылды. Оның Бас кеңсесі Нью-Йоркте орналасқан. Бүгінде бұл беделді ұйымға 192 мемлекет мүше. БҰҰ декларациясы 1945 жылғы қазанның 24-і күні Сан-Францискода қабылданды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы БҰҰ құрамына 1992 жылы наурыздың 2-сі күні енді.