«Қазіргі таңда Қазақстанның түрлі құқық қорғау органдары мен медициналық мекемелерінде есірткі айналымына қатысты өз ақпарат жүйелері бар, бірақ олардың барлығы да дербес жұмыс істейді»,- дейді таныстыру шарасына қатысқан ҚР ІІМ-нің орынбасары Анатолий Выборнов. Оның айтуынша, Ұлттық ақпараттық желіні іске қосу «жан-жақтағы бытырау-тарау ақпараттарды біріктіріп, есірткі саудасымен және нашақорлықтың белең алуымен күресте күш құрылымдары мен дәрігерлердің іс-әрекетін өзара үйлестіруге мүмкіндік береді».
Еуропалық Комиссияның Қазақстан Республикасындағы өкілдерінің жетекшісі Алан Ваддамстың айтуынша, бұл жабдықтар ІІМ-нің есірткі саудасымен күрес комитеті, ҰҚК-нің Шекара қызметі, Кедендік бақылау агенттігі, ҚР білім және ғылым министрлігі, ҚР денсаулық сақтау министрлігі, Республикалық СПИД-пен күрес орталығы, Алматы қалалық әлеуметтік-медициналық сауықтыру жөніндегі наркологиялық орталығы мен бірқатар қалалық және облыстық наркологиялық диспансерлерге беріліп отыр. Қазақстанға берілген жабдықтар құны, оның айтуынша, 5,5 млн. теңге тұрды.
«Есірткі айналымы жөніндегі Ұлттық ақпараттық желі құру аймақ елдерінің есірткіге қатысты мәліметтер жинау және талдау потенциалын арттыруға, есірткіге деген ұсыныс пен сұранысты азайтуға бағытталады»,- деді А.Ваддамс. Ол сондай-ақ, NADIN жобасына ақпараттық желілер құруға арнап жабдықтар берумен бірге есірткі айналымына қатысты ұлттық баяндамалар жасауға және есірткі айналымына қатысты мәліметтер жинау және талдауға қатысты семинарлар өткізу қамтылады. Мәселен, А.Ваддамстың айтуынша, биылғы қыркүйек айында жоба аясында Астанада Орталық Азия аумағындағы бес мемлекет өкілдері үшін аймақтық эпидемиологиялық тренинг өткізу жоспарланған.