Жарияланды: 310

Астанада ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитеті жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі кеңесінің 10-шы мерейтойлық отырысы болып өтті

Бүгін Астанада Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі кеңесінің 10-шы мерейтойлық отырысы болып өтті.

Жиынға Тәжікстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Салимов Нусратулло төрағалық етті, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі. Кеңеске қатысушылар мен қонақтарға арнап Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова және ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер делегацияларының жетекшілері сөз сөйледі. Отырыс барысында Кеңес мүшелері халықтың денсаулығын сақтау саласындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға, келісім-құқықтық база аясын кеңейтуге және өзара ынтымақтастықтың өзге де басымды бағыттарына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің өкілдері бұған дейін қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылу барысы, денсаулық сақтау саласының ағымдағы жағдайы мен жетістіктері туралы ақпарат алмасты. Атап айтқанда, 2011-2013 жылдарға арналған ЕурАзЭҚ-ты дамытудың басымды бағыттарын талқылаудың жоғары деңгейін, сондай-ақ ұйымға мүше елдердің келісілген әлеуметтік саясатының Тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын және өзгелерді атап көрсетуге болады. ЕурАзЭҚ мүше мемлекеттер өкілдері, жұмыс топтарының белсенді қатысушылары тиімді жұмысы үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдықтың Интеграциялық комитеті жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова темекі шегудің зияны туралы кескіндемелік ескертулерді темекі қораптарының бетінің сол жақ тұсына 50% көлемінде міндетті түрде орналастыруға қатысты соңғы нұсқаны бекіту жөнінде бастама айтты. Және ЕурАзЭҚ жанынан денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру және телемедицина жөнінде жұмыс тобын құру туралы ұсыныс білдірді. Отырыстың қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері жемісті және сындарлы ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға мүдделілік танытты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін