Астанада Кәрім Мәсімовтің үйі аукционға қойылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы елордадағы Нұра ауданында, Ерейментау көшесі, 1 мекенжайында орналасқан жертөлесі бар тұрғын үйді сатылымға шығарды.
Бастапқы бағасы – 1,8 млрд теңге, кепілдік жарнасы – 117,9 млн теңге. Сауда 25 ақпанда өтеді деп белгіленген.
Дәл осы үйдің суреттерін 2022 жылы ҰҚК экс-төраға Кәрім Мәсімов қамауға алынған кезде жариялаған еді. Тергеу барысында оның заңсыз иемденген бірнеше нысаны анықталған, солардың бірі — осы еңселі коттедж.
Еске салсақ, Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде тұтқындалған. Оған «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алуға әрекеттенді» деген айып тағылып, 2023 жылғы сәуірде 18 жылға сотталды. Үкімге аппеляция түсіргенімен, шешім өзгермеді. Былтырғы жылдың жазында «рақымшылыққа ілігем бе?» деген үміті де ақталған жоқ.
Енді «Активтерді қайтару» мекемесі бір кездері Мәсімов өмір сүрген элиталық үйді аукционға қойып отыр. Нысан барлық қатысушылар үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін ашық және бәсекеге қабілетті шарттарда жүзеге асырылады.