Форумға ҚР парламентінің мәжілісі мен сенатының депутаттары, Қазақстан Республикасындағы Әзербайжан елшісі Латиф Гандилов, Қазақстанның бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі, «Еуразия диалогы» платформасының бас үйлестірушісі Еркам Туфан Айтав сынды танымал тұлғалар мен Қазақстандық және Ресейлік ғалымдар қатысуда.
«Көптеген халықаралық ұйымдар үлгі тұтатын ұлтаралық татулық пен бірліктің Қазақстандық моделінің тиімділігіне тәуелсіз Қазақстанның он төрт жылдық тарихында ұлтаралық немесе дінаралық араздықтың шықпауы ең бірегей дәлел бола алады»,- деді форумды ашқан ҚР парламенті сенатының депутатты Қуаныш Сұлтанов.
Оның айтуынша, форум барысында қатысушылар қоғамдағы ұлтаралық келісімді нығайтуға мәдениет пен діннің әсері, азаматтар арасында бейбітшілікті қамтамасыз етуде ұлттық-мәдени элитаның жүктейтін жауапкершілігі, конфессияаралық қарым-қатынастарды реттеудегі мемлекет ролі, Қазақстандағы тілдердің даму жағдайы туралы талқылайды.
Форумға қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйлеген Қазақстандағы Әзербайжан елшісі Л.Гандилов «форум тақырыбы мен онда көтерілетін мәселелердің қазіргі таңдағы маңызын» ерекше атап өтті. «2001-жылдың 11-қыркүйегінде ғалам жаман жаққа қарай өзгерді. Бізге лаңкестікпен күрес жүргізу қажеттігі айдан анық. Бірақ сол күрестің шек-шеңберін бірінші кезекте айқындап алу керек»,- деді ол. Оның пікірінше, «лаңкестікпен күрес жекелеген дінмен немесе ұлтпен күреске айналмауы қажет». «Түрлі халықтар арасында ұлтаралық бірлік орнату мүмкіндігіне сіздің республика нақты үлгі бола алады. Татулық пен бірлікті үйренгісі келгендер осы елге келсін»,- деді елші.