Жыл сайынғы турнир «Астана — есірткісіз қала» ұранымен өткізіліп отыр. Оған Ресейдің 8 қаласынан, Қырғызстаннан және Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 350-ге тарта каратэші қатысуда.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің және Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен басталған дода барлық салмақ дәрежелері бойынша, балалар, жасөспірімдер, қыздар, әйелдер мен ересек ерлер жас топтары арасында өтуде.
Ұйымдастырушылар, аталмыш шара — «Қазақстандағы киокушинкай каратэ-до спортының дамуына, ТМД елдерінің әріптестігін нығайтуға және жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға септігін тигізеді» деп отыр.
Жарыс жеңімпаздары кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталады. Сонымен қатар «Турнирдің үздік спортшысы», «Үздік техника үшін» және «Жеңіске деген қайсарлығы үшін» аталымдары бекітілген.