Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, қазір инженерлік-геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр.
«Шыңғыс Айтматов көшесі бойымен өтетін LRT жобасының екінші кезеңіне арналған техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау аясында топырақтың құрамы мен қасиетін анықтау үшін инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстары атқарылып жатыр», — деді компания өкілдері.
Компания мәліметінше, бұл жұмыстар LRT желісін әрі қарай жобалау және қандай техникалық шешім қолданатынын анықтау үшін қажет.
Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT-тың келесі бағыты Қосшыға қарай салынатынын айтқан.
«Қосшы үлкейіп жатыр, ол — Астанаға жүктемені азайтып отырған үлкен серік-қала. Сондықтан Қосшыдан қалаға қарай қатынайтын адам көп, біз келесі кезеңді осы бағытта саламыз», — деді әкім.