Биыл аталмыш шара Қазақстанда 2022 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуді қолдауға бағытталды.
Мерекелік жүгіруге еліміздің даңқты спортшылары, әлем чемпиондары мен Олимпиада жеңімпаздары қатысты. Шара барысында 800 және 1200 метр қашықтыққа жүгіру, «Олимпиада жарыстары» асфальтқа сурет салу байқауы, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында сайыстар өткізілді.
«Олимпиада күнімен баршаңызды құттықтаймын. Барлық отандастарымыз спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанса екен деймін. Қазақстан үшін бұл айтуы күн деп санаймын», — деді шараға қатысушыларға ыстық лебізін білдірген Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев.
Еске сала кетейік, 1894 жылы 23 маусымда Пьер де Кубертен мен оның жақтастары қазіргі заманғы Олимпиада қозғалысын қайта қалпына келтіріп, Халықаралық Олимпиада комитетін құрған. Бірінші Дүниежүзілік Олимпиада күні 1948 жылы 23 маусымда аталып өтті. Оған 9 елдің Ұлттық Олимпиада комитеттері қатысты.
