Естеріңізде болса, 24 мамырда Астана қаласында оқыс оқиға орын алған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысы жанында көлік жарылып, ішінде отырған екі адам мерт болды. Олардың есімдерін бірден анықтау қиынға соқты; құжаттары бірнеше рет тексерілді. Такси жүргізушісінің қасында отырған адам Павлодар облысының тұрғыны болып шықты; бұрын төрт рет сотталған. Жарылғышты Елордаға қандай мақсатпен жеткізгені құпия болып қалуда. Дегенмен полицейлер оқиғаны лаңкестікке жатқызбайды. Ал сараптама анықтағандай, жарылыстың қуаты тротил бірлігі бойынша екі жарым келіге дейін жеткен. Заттың өзі аммиак пен селитра қосындысынан жасалған.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Қазір біз осы азаматтың не мақсатта келгенін тексеріп жатырмыз. Жарылғыш заттарды бұрын ұстап, назарға түсті ме, осында сату үшін әкелді ме, қауіпсіздік шараларын қалай сақтады - барлығы қазір анықталуда. Жарылғыш зат салынған сөмкенің жүргізушінің артында, көлік орындығында жатқаны мәлім болды.