Жарияланды: 340

Астанада өтетін Еуропаның экология министрлерінің 7-ші конференциясына 1,5 мыңға жуық делегат қатысады

Ағымдағы жылы қыркүйектің 21-23-і күндері Астанада өтетін Еуропаның экология министрлерінің 7-ші конференциясына 1,5 мыңға жуық делегат қатысады.

Бұл туралы бүгін аталған конференцияға дайындық жөніндегі алқа отырысында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Халықаралық экологиялық конвенциялар мен келісімшарттар департаментінің директоры Александр Брагин мәлім етті. Оның хабарлауынша, жоспар бойынша Еуропаның экология министрлерінің 7-ші конференциясына 1,5 мыңға жуық делегат шақырылған. «Бірақ біздің жоспарымызға орай конференция жұмысына 1,2 мың адам қатысады», - деп атап көрсетті А.Брагин. Оның сөзіне қарағанда, конференция барысында Еуропа министрлерінің талқысына «Жасыл көпірді» іске асырудың серіктестік бағдарламасының жобасы ұсынылатын болады. Ол құжат бекітілген жағдайда Қазақстанның тағы бір батыл бастамасы - «Жасыл көпір» бағдарламасы 2012 жылы Бразилияда өтетін Мыңжылдық саммитінің күн тәртібіне енгізіліп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы бағдарлама бойынша баяндама жасамақ. Жалпы, 2020 жылға дейін есептелген «Жасыл көпір» бағдарламасын екі кезеңге бөліп, іске асыру жоспарлануда. Оның негізінде экология саласындағы озық технологияларды Еуропадан Азия және Тынық Мұхит елдеріне жеткізіп, нақты жобаларды қолға алу көзделген. Қазіргі кезде «Жасыл көпір» бағдарламасын барлық Азия елдері қолдап отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін