Жарияланды: 420

Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды, онда Ұлттық банктің жаңа төрағасын тағайындауға келісім беру көзделіп отыр

Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды, онда Ұлттық банктің жаңа төрағасына Әнуар Сәйденовты тағайындау туралы мәселе қаралмақшы,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ата заңына сәйкес парламенттен Ұлттық банк төрағасына Әнуар Сәйденовты тағайындауға келісім беруді сұраған болатын. Ә.Сәйденов 1960-жылы туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университеті мен Лондон университетін бітірді, мамандығы- экономист. Еуропалық қайта құру және даму банкінің кеңесшісі және банкирі болып істеді. ҚР инвестиция жөніндегі мемлекеттік комитеті мен Агенттігін басқарды. 1999-2000-жылдарда ҚР қаржы министрінің орынбасары қызметін атқарды. 2000-2002-жылдарда Қазақстан Халық банкінің басқармалары төрағасы және "Эксимбанк Қазақстан" банкінің директорлары кеңесінің төрағасы болды. Ә.Сәйденов ҚР Ұлтық банкі төрағасының орынбасары лауазымына екі мәрте иемденді. Алғаш рет бұл қызметке 1996-жылы тағайындалып оны 1998-жылға дейін атқарды. Ә.Сәйденов ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары болып 2002-жылы қайтадан тағайындалды. Парламент палаталарының бүгінгі бірлескен отырысына мәжілістің 70, сенаттың 37 депутаты қатысып отыр. Парламент палаталарының бірлескен отырысын ашқан мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай "отырысты өткізуге қажетті кворум қалыптасты",- деп мәлімдеді. Қазір отырыс жұмысы одан әрі жалғасуда. Отырыстың күн тәртібіне қойылған екінші маңызды мәселе, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бірінші оқылымда қарау болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін