Жарияланды: 770

Астанада қала күнін атап өту жалғасуда

Астанада қала күнін атап өту жалғасуда

Астанада қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар жалғасуда.

«Жастар» сарайы, «Қазақстан» спорт кешені, «Жерұйық» саябағы және ескі орталықтағы алаңдарда таңертеңгі сағат 10-нан бастап көпшілікке арналған іс-шаралар, бұқаралық серуендер басталды. Осы уақытта «Дәулет» спорт кешенінде асық атудан «Алтын сақа» сайысының турнирі басталды. Биыл Астанада бұл спорт ойынынан жарыстар үшінші мәрте өткізіліп отыр. Былтыр турнирге 500-ден астам адам қатысқан болатын. Сайыс нәтижелері бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады. Сағат 11.00-де қаның әр жеріндегі ашық алаңдарда «Астана самалы» үрлемелі аспаптар оркестрлерінің фестивалі басталды. Фестивальдің ашылу салтанаты 4 шілде күні Конгресс-холл сарайында өткен болатын. Қазақстандық оркестрлер мен танымал сахна шеберлерінің орындауындағы классикалық әуен мен заманауи шығармалар біртумалары қалған күндері ашық аспан астында әкімдік ғимараты алдындағы алаңда, «Жастар» сарайы маңындағы концерт сахнасында, «Бәйтерек» монументі маңындағы алаңда, қалалық алаңда өтетін болады. «Астана Самалы» көптеген елдің өкілдерін бір сахнаға жинайтын қайталанбас сазды думан. Керемет техника мен айрықша орындаушылық шеберлік Астана тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік ауан сыйлайтын болады. Үрлемелі оркестрлердің шеруі біздің қаланың мәдени өміріндегі жаңа құбылыс және оның репертуары әр жас ерекшелігіне арналып алуан етіп таңдалып алынды. Ал түскі сағат 12.00-де Астананың ескі орталық алаңында «Аспазшылардың шеберлігі - сүйікті қалаға» атты фестивалінің аясында ұзындығы 150 метрлік «Кимпаб» роллын дайындау бойынша әлемдік Гиннес рекорды жаңартылатын болады. Рекордты орнату үшін Бейбітшілік көшесінің бойына ұзындығы 160 метр болатын үстелдер орнатылып, онда корейлердің сүйікті тағамы «Кимпаб» атты сушилары әзірленіп, қойылады. Осы уақытта «Корей барабандарының шоуы» ұжымының концерттік бағдарламасы басталады. Жаңа әлемдік рекордты қуаттау үшін Астанаға Гиннес рекордтары кітабының өкілдері арнайы келген. Рекорд қуатталғаннан кейін шеф- аспаздың командасы роллды теңдей бөліктерге бөліп, астана тұрғындары мен қала қонақтарына дәмауыз тигізетін болады.Қала тұрғындары мен қонақтары орталық алаңда өзге халықтардың тағамдарынан да дәм тата алады. «Хан Шатыр» маңында бой көтерген көшпелілер ауылы фестивалі, «Азия жаңғырығы» цирк өнерінің халықаралық фестивалі, түркі музыкасының «Астана-Арқау» халықаралық фестивалі бүгін де жалғасын табуда. 5 шілде күні өтетін премьералардың бірі Лара Фабиан мен Игорь Крутой ұсынатын «Мадемуазель Живаго» шоу-концерті болмақ. Жанды дауысты өнерді сүйетін қауым бұл концертті «Қазақстан» Орталық концерт залында сағат 18.00-де тамашалай алады. Кеш - жалынды жастардың уақыты. Сағат 20.00-де Бауыржан Момышұлының саябағында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Украина және Өзбекстан елдерінің ең үздік бишілерінің жарысы өтеді. Сайыстың ұраны - «Қозғалыс бар жерде - өмір бар!». Жастардың өнерін бағалайтын қазылар алқасы шет ел мамандарынан құралатын болады. Олардың ішінде "So you think you can dance" американдық би шоуының жеңімпазы, биші, әртіс Stephen "tWitch" Boss; Лос-Анджелестегі "Millennium" би кешенінің мүшесі, әртіс Cedric Gardner; Германияда қазіргі заманғы би өнерінің негізін қалаушы Nick Whage; танымал биші, хип-хоп биінің бұрынғы мектебінің өкілі Super Dave бар. Сайысқа «көше» билерін орындайтын Қазақстан мен шет елдің 30 ұжымы қатыспақ. «Әуен - ағыс» классикалық музыка фестивалінің шеңберінде Есіл өзенінің үстіне орнатылған қалқымалы сахнада бүгін Н.Үсенбаева, Ж.Баспақова, С.Байсұлтанов, Г.Дәуірбаева, Т.Мұсабаев, С.Рахметова сондай-ақ, Абай атындағы Мемлекеттік академялық опера және балет театрының балет труппасы және Симфониялық оркестр өнер көрсетеді. Астана қаласының туған күні құрметіне шара соңында әдеттегідей отшашу болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін