Астанада қанша адам жұмыссыз отыр?
1 қазандағы жағдай бойынша Астана қаласының құзырлы органдарында жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрғандардың саны 5 106 адамды құрады. |
Бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан мәлім етті.
Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында хабарланғандай, 2012 жылдың басынан бері жұмыс іздеп, 10 398 адам жүгінген. Олардың 6 638-і немесе 63,8 пайызы - әйелдер. 14-29 жас аралығындағы жастардың үлесі 61 пайыз немесе 6 343 адам. 9 айдың ішінде 3 624 адам еңбекке орналастырылды.
Еңбек нарығында жұмыссыз азаматтарға қолдау білдіру және бейімдеу мақсатында Астана қаласының Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы белсенді іс-шаралар қабылдауда. Кәсіптік білім беруді ұйымдастыру аясында білім беру ұйымдарымен екіжақты келісімдерге қол қойылды. 2012 жылдың басынан бері кәсіби даярлықтан, қайта даярлықтан өтуге және біліктілікті арттыруға 636 адам жолданып, 39-ы еңбекке орналастырылды.
Сондай-ақ 133 жұмыс берушімен ақылы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға келісімшарттар жасалды. Жыл басталғалы қоғамдық жұмыстарға 2 572 адам жолданды.
Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, еңбекпен қамту органдарының базасында 1 335 бос жұмыс орны бар.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін