Қазан айындағы табиғаттың мұндай тосын құбылысын күтпеген елордалықтар аяқ-асты абдырап қалды. Көліктерінің жазғы доңғалағын ауыстырып үлгермеген жүргізушілерде де маза жоқ. Коммуналдық мекемелердің қысқы техникасы да әлі гараждан шығарылмаған-ды. Бірақ қар тазалаушы көліктің қажеті болмады. Себебі бірнеше сағат бойы жапалақтап жауған ақ ұлпа жерге түсісімен еріп кетіп жатыр. Ал синоптиктердің болжамынша, еліміздің біраз бөлігінде күн райы жауын-шашынды болады. Бір қызығы Арқа төсін қар, Солтүстік пен Шығысты жауын әбіргерге салып жатса, оңтүстік өңірлерде әлі мамыражай жаз. Мәселен, Алматыда бүгін сынап бағанасы +30 градусты көрсетті.