Жарияланды: 430

Астанада «Қазақ киносының апталығы» басталды

Астанада «Қазақ киносының апталығы» басталды

«Қазақ киносының апталығы» аясында осы жылы түсірілген отандық көркем және деректі фильмдер қала тұрғындары мен қонақтарына тегін көрсетілетін болады.

Бұл туралы бүгін Астанада Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев мәлім етті. «Алдағы 5 күн бойы біз ағымдағы жылы Қазақстанда түсірілген жаңа фильмдердің арнайы көрсетілімін жасаймыз. Сонымен қатар, жас режиссер Ахат Ыбыраевтың отандық кино тарихында тұңғыш фэнтези жанрында түсірілген «Аңыздар кітабы. Ғажайып орман» фильмінің тұсаукесерін өткізіп, «Ер Төстік пен Айдаһар» атты қазақтың тұңғыш толықметражды анимациялық фильмін жұрт назарына ұсынатын боламыз», - деп атап өтті Е.Аманшаев. Оның атап өткеніндей, апталық аясында Тұрар Рысқұлов, Мәжіт Бегалин, Әбіш Кекілбаев, Асанәлі Әшімов сынды басқа да көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған деректі фильмдерді де көрсету жоспарланып отыр. «Барлық фильмдерді сол туындыны түсірген режиссер мен шығармашылық ұжым таныстырып отырады. Отандық киноиндустрияның қазіргі адымы мен даму деңгейі қатты қуантады. Түрлі жанрларда, тақырыптарда көптеген фильмдер жарыққа шықты. Кинотеатрлардың саны артуда, қаржыландыру жүріп жатыр, бұның барлығы - даму қарқынын үдете түсті», - деді Е.Аманшаев. ҚР Тәуелсіздігі күніне орайластырылған «Қазақ киносының апталығы» 10-15 желтоқсан аралығында Астанада өтеді. Онда «Армандастар» (режиссері Ерлан Сағынов), «Аңшы бала» (режиссерлер Ерлан Нұрмұхамбетов және Бегарыс Елубай), «Шал» (режиссері Ермек Тұрсынов), «Лотерея» (режиссері Дәмір Манабай), «Жаужүрек мың бала» (режиссері Ақан Сатаев) көркем фильмдерін көрсету жоспарланған. Көрсетілімдер «Керуен» сауда орталығындағы «Кинопарк-7» кинотеатрында өтеді. Кіру - тегін.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін