Әскери тақырыпта өткен байқауға Астана, Алматы, Көкшетау, Қызылорда қалаларынан және Қытай Халық республикасы, Моңғолия, Ресей елдерінен суретшілер қатысты.
Көрме Ұлы Жеңістің 67 жылдығы мен Л.Н.Гумилевтің 100 жылдығына орайластыра ұйымдастырылып отырған қомақты мәдени шара. Әділқазылардың қарауына 67 туынды ұсынылды. Ең үздік шығармалардың авторлары бүгін Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатысуымен өткен салтанатты жиында марапатталды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың айтуынша, мұндай шаралар Кеңес Одағы тұсында жиі өткізіліп тұратын.
«Бұл игі дәстүр бүгінде қайтадан жанданып келеді. Көрме соғыс отына күйіп, оққа ұшқан жауынгерлердің рухына тағзым ету және ардагерлерге құрмет көрсету үшін ұйымдастырылды. Олар біздің ортақ Отанымызды қорғап қалды және ерліктің, батырлықтың, жаукештіліктің нағыз үлгісін танытты», — дейді З. Қабылдинов.
Көрмеге Ұлы Отан соғысынан қалған қару-жарақ, майданнан келген хаттар сынды тарихи жәдігерлер қойылған. Сонымен қатар жұртшылық назарына соғыс алаңында өткен оқиғалар мен әскери қимылдар тарихын баяндайтын фото шежіре ұсынылған.
Көрме-байқау Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталь ғимаратында өтті.