Жиналыс шешіміне сәйкес, Қазақстан- Ресей бірлескен «Бәйтерек» кәсіпорнының» бас директоры болып Ресей және Қазақстан Республикасының батыры, ғарышкер Талғат Мұсабаев тағайындалды. Сонымен бірге жиналыста директорлар кеңесінің құрамы бекітіліп, оның уәкілеттілік мерзімі анықталады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Байқоңыр ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенін құру туралы үкіметаралық келісімге 2004-жылдың 22- желтоқсанында қол қойылды. Келісімге Мәскеуде РФ үкімет басшысы Михаил Фрадков пен ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов қол қойды.
Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы болып табылатын «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенінің жоспар-жобасы Ресейдің «Ангара» зымыран-ғарышық кешенінің негізінде жасалуда. «Бәйтеректі» Қазақстан мен Ресей тең үлеспен бөліп пайдаланады деп күтілуде. «Бәйтерек» кешенін құру және оны арықарай пайдалану үшін «Қазақстан — Ресей бірлескен «Бәйтерек» кәсіпорны» АҚ құрылды. Бірлесен кәсіпорынның құрылтайшылары — ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі комитеті мен «Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығы» Федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорны болып табылады.
«Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешені ғарыштық аппараттарды ұшыруға арналған. Онда ғарыштық жанар-жағармайдың оттегі және керосин сынды экологиялық таза компоненттерімен ұшатын зымыран тасығыштар пайдаланылады. Жобаға сәйкес, «Бәйтеректің» құрамында ғарыштық аппараттарды ұшуға әзірлеуге және сынақтан өткізуге арналған жұмыс орындары бар ұшыру кешені мен техникалық кешен болмақ. Сонымен бірге оның құрамына кешенді су, жылу және жарықпен қамтамасыз ететін коммуналдық шаруашылық және өлшем кешенінің нысандары енеді.
«Қазақстан — Ресей бірлескен «Бәйтерек» кәсіпорны» АҚ-ның құрылтайшылық құжаттарына 2005-жылдың 30-наурызында Астанада қол қойылды. Қазақстан жағынан бұл құжатқа ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі комитетінің төрағасы Мақсұтбек Раханов пен «Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығы» Федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорнының Александр Медведев қол қойды.