Жарияланды: 450

Астанада Қазақстан республикасының әуе кеңістігін қадағалау жүйесін жаңарту мәселесі талқыланды

Бүгін, 20-қаңтарда Астанада үкімет басшысы Даниал Ахметовтың төрағалығымен өткен кеңесте Қазақстан республикасының әуе кеңістігін қадағалау жүйесін жаңарту жөніндегі бағдарламалардың жобасы талқыланды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Кеңес барысында аталмыш мақсатта тікелей құрылған жұмыс тобы Франция, Германия, Испания, Ресей және Ұлыбританиялық компаниялар тарапынан ұсынылған жобаларды таныстырды. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, үкімет басшысы жобаларды талқылау барысында сатып алынатын жүйелер тек әскери ғана емес, сондай-ақ, азаматтық мақсаттарда да пайдаланылуы тиіс екеніне назар аударды. "Біз бір мақсатқа екі мәрте қаржы жұмсауға тиіс емеспіз. Сондай-ақ, сатып алынатын жабдықтар мемлекетаралық келісімдер аясында ТМД елдерінің әуеден қорғаныс жүйесімен үйлесімді болуы қажет",- деді Д.Ахметов. Сондай-ақ, үкімет басшысы жабдықтардың ұзақ мерзім бойы әжетке жарауы қажеттігін атап өтті. Мұндай шарт жабдықтың сапасы мен жаңалығын мұқият бағалауды талап етеді. Компаниялар әуе кеңістігін қадағалау жүйесінің сапасын паш ету үшін ақпан айында арнайы сынақ өткізбекші. Жұмыс тобы осы сынақтың нәтижесіне сәйкес таңдау жасайды. Осы жолғы критерийлерді ескере отырып ең тиімді үлгіні таңдау жөніндегі нақты ұсынысты жұмыс тобы наурыз айында үкіметке енгізуге тиіс.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін