Жарияланды: 460

Астанада Қазақстан -Венгрия үкіметаралық комиссиясының бірінші отырысы өтеді

Астана. 25 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Астанада 27 қарашада Қазақстан -Венгрия үкіметаралық комиссиясының бірінші отырысы өтеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндай отырысты өткізу ағымдағы жылдың 20 маусымында Будапешт қаласында Қазақстан Республикасы үкіметі мен Венгрия Республикасы үкіметінің арасында экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуының арқасында мүмкін болып отыр. Бұл келісімге ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов пен Венгрия Республикасының қаржы министрі Янош Вереш қол қойған. Астанадағы отырысқа Венгрия Республикасының қаржы министрі Янош Вереш, сондай-ақ, Қазақстанның министрліктері, даму институттары мен ұлттық компанияларының өкілдері қатысады. Қазақстан мен Венгрия арасындағы ынтымақтастықтың кең көлемді басымдық берілген мәселелерін, атап айтсақ: екі жақты ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру; индустриялық-инновациялық және ғылыми ынтымақтастық; денсаулық сақтау, соның ішінде фармацевтика; энергетика; ауылшаруашылығы, транспорт және логистика, білім беру, туризм және спорт; сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту салаларындағы ынтымақтастық жайы талқыланады. Сонымен бірге, Қазақстан - Венгрия іскерлік кеңесі мен бірлескен инвестициялық қор құру жайы қаралады. Кездесу қорытындысы бойынша экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан -Венгрия үкіметаралық комиссиясының отырысының хаттамасы мен Қазақстанның "Атамекен Одағы" Ұлттық экономикалық палатасы мен Венгрияның Сауда-өнеркәсіптік палатасы арасындағы Қазақстан -Венгрия іскерлік кеңесін құру жөніндегі келісімге қол қою жоспарланған. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін