Бұл жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараға айналды. «Осынау концертті біз Бейбітшілік және келісім сарайында үшінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Бұл ведомствоның дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан игі шараларының бірі болып кетті»,-дейді ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы, баспасөз қызметінің жетекшісі Қуаныш Қожахметов.
«Концерттің мақсаты — жастарды Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу, әскери өмірдің үздік дәстүрі мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу болып отыр»,-деп атап көрсетті ол.
Концертке Астана қаласының әскери құрылымдарының қызметкерлері, аймақтардан үздік артиллерия, рота, взвод командирлері мен олардың тәрбие жөніндегі орынбасарлары, сонымен қатар жақында ғана Отан алдында ант қабылдаған елорда гарнизондарының сарбаздары шақырылды.
Гала-концертті әдеттегідей бірінші болып дирижер Асхат Мұхамедияровтың басқаруымен өнер көрсететін ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Орталық оркестрі ашты. Шара кезінде дәстүрлі әскери әндер шырқалды. Сонымен қатар халықаралық конкурс лауреаттарының қатысуымен эстрада, халық әндері, әлем халықтарының ән-билері орындалды.