Астанада ҚР Ішкі әскерінің 21 жылдығына орай офицерлер мен келісімшарт бойынша қызметшілер наградталды
![]() |
Биыл ҚР Ішкі әскерінің құрылғанына 21 жыл толды. |
Елбасы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміз бен қоғамымыз үшін Ішкі әскерлердің маңыздылығын ескеріп, 1992 жылдың 10 қаңтарында оның құрылуы туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Сол кезден бастап Ішкі әскерлер жауынгерлері өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
ҚР ІІМ Ішкі әскерлер баспасөз қызметінен мәлім еткендей, атаулы датаға орай бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бүгін Ішкі әскерлер комитетінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің құрылғанына 21 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Шараның ресми бөлігінде аға буын дәстүрін жалғастырушы - қызметтік міндеттерін адал орындап жүрген бірқатар офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге ҚР Ішкі істер министрінің және Ішкі әскерлер қолбасшысының бұйрығымен наградалар тапсырылды. Салтанатты шара барысында «Тыныштық пен тәртіп күзетінде» атты жаңа деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
Ал 12 қаңтар күні Ішкі әскердің Елорда гарнизонына қарасты 5570, 6636 және 3660 әскери бөлімдерінің жас сарбаздары салтанатты түрде әскери ант қабылдайды. Ішкі әскерге былтырғы күзде шақырылған және жас сарбаз курсынан өткен бес жүзге жуық жауынгер Отанға және халыққа әрқашан адал болуға ант етіп, Ішкі әскердің толыққанды жауынгері атанады. Негізгі шара соңында жас сарбаздар салтанатты шерумен жүріп өтеді.
Осы күні Конгресс-холл сарайында дәстүрге айналған Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Орталық оркестрі мен Ән-би ансамбльінің бесінші гала-концерті өтеді.
Сондай-ақ Конгресс-Холл сарайының фойесінде Ішкі әскердің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеті туралы фотокөрме көпшілік назарына ұсынылады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін