Атап айтқанда бұл шара 3 аталым бойынша өткізіледі. Яғни, «Домбыра, шертер», «Қобыз, қылқобыз», «Сырнай» аталымдары бойынша жас өнерпаздар өзара бақтарын сынайтын болады. 23-26 сәуір аралығында өтетін бұл байқауға 16-32 жас аралығындағы 40-тан астам өнерпаз қатыспақ.
«Соңғы уақытта өте көп талантты жастар көріне бастады. Ең қуаныштысы, олар өздерінің өнер жолында жан-жақтылығымен байқалуда. Менің пайымдауымша, енді ұлттық өнерді жалғастырушыларға телеарналарда эфирлік уақытты көбірек беріп, насихаттау жолдарын бұдан ары қарай кеңейту керек», — деді қазылар құрамының мүшесі, белгілі өнер зерттеуші Абдулхамит Райымбергенов. Оның айтуынша, осы тектес байқаулар еліміздің барлық өңірлерінен келген өнерлі жастарға өзара қарым-қатынас орнатып, бір-біріне қарап кәсіби шеберліктерін арттыра түсуге ықпал етеді. «Осы арқылы бабалардан мұра болып келген өнерді сақтап, ары қарай жас ұрпаққа жеткізе аламыз», — деп атап өтті А. Райымбергенов.
Бұл мәдени шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып отыр.