Жаңа клубтың қанатының астына еліміздің барлық танымал спорттық жобалары біріктірілді. «Астана» атауын иеленіп әлемдік додаларда топ жарып жүрген велошабандоздар, Дакар-раллиге қатысушылар, «Астана-арланс» пен елордалық футбол, хоккей, су добы командалары бір шаңырақтың астына топтасты. Осылайша, отандық спортты алға сүйреп жүрген клубтарды басқару бір қолға өтіп отыр. Мұндай әдіс дүниежүзілік тәжірибеде бар.
Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы:
— Мысалға, атақты испандық «Реалдың» құрамына футболдан басқа баскетбол, гандбол клубтары кіреді. Олардың бөлек жаттықтыру алаңдарын айтпағанда жеке арнасы мен басылымдары бар. Әр жерде шашырап жүргеннен гөрі осындай басқарудың нәтиже бергенін көріп отырмыз. Бізде қалыс қалмай бұл әдісті енгізіп жатырмыз.
Қаржыландыру да атақты шетелдік клубтардың үлгісінде жүргізіледі. Бір қуанарлығы «Самұрық-Қазына» демеушілік ететін спорт түрлерінің қатарына «КТК» арнасының бірегей жобасы «Қазақстан Барысы» да еніп отыр. Ал әйгілі зілтемірші Илья Ильин де бұдан былай теңгеден қысылмайтын болды. Оны әл-ауқат қоры бөлек жоба ретінде қаржыландырмақ.
Илья Ильин, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы:
— Бұл елеулі өзгеріс. Мен Еуропалық клубтардың үлгісінде басқарылатын жобаға кіргеніме қуаныштымын. Ортақ менеджер болады дейді. Осыған дейін жаттықтырушылар барлығына өздері жүгіріп жүретін. Енді Бразилияда қалайда топ жаруым керек.
Бүгін тұсауы кесілген «Астана» спорт клубының жаңа басшысы таныстырылды. Жайлы орынға бокстан Афина олипиадасының чемпионы атақты Бақтияр Артаев жайғасты.
Бақтияр Артаев, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының басшысы:
— Бөліп жаратын ештеңесі жоқ. Әр спорт саласы еліміздің атын шығаратын спорт түрі. Сондықтан бәріне бірдей көңіл бөлінеді. Бәріне бірдей қамқорлық жасалынады.
«Реал», «Барселона» үлгісінде құрылған «Астана» клубының басты мақсаты- Қазақстанның атын шартарапқа танымал ету. Бүгін клуб жетекшілері «Самұрық-Қазынамен» өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Басты демеушілері олардан қаржы аямайтынына уәде берді.