Істі Сарыарқа аудандық сотының судьясы Арман Жүкенов қарап жатыр. Ал Белоусова бүгінгі сотқа келген жоқ. Оның орнына адвокаты Снежана Ким қатысты.
Мектепте киім ілгіште жұмыс істеген Белоусованың айтуынша, өзін мектеп директорының «жыныстық қатынасқа мәжбүрлемек болғаны және ақша талап еткен».
Директор Азаттыққа сұхбатында өзіне Белоусованың таққан айыптарын жоққа шығарған. Мектеп директоры 2011 жылы бұл іс бойынша сотта жеңіске жеткен. Сот Анна Белоусованы мектеп директорынан көпшілік алдында кешірім сұрауға және сот шығынын толық өтеуге міндеттеген.
Қазақстанның адам құқығы жөніндегі бюросының Қостанай филиалының көмегімен Анна Белоусова БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетіне шағым түсірген. Комитет шешімінде «бастығына бағынышты және құқығы қорғаусыз әйел болғандықтан Анна Белоусованың жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуге қатысты кемсіту мен ақша талеп еткен бопсаға ұшырағаны» айтылған. Комитет Қазақстанды Анна Белоусоваға өтемақы төлеуге шақырған.