Мәжілісті ашқан ҚР СІМ Қасымжомарт Тоқаев аймақтық ұйым ретінде Шанхай Ынтымақтастығы ұйымы «үлкен әлеуетке ие екенін, оны халықаралық лаңкестікпен күрес сынды заманауи өзекті проблемаларды шешу мақсатына жан-жақты пайдалану қажеттігін» атап өтті. Қазақстанның бас дипломаты ұйымның тиімділігі мен халықаралық қоғамдастықтағы салмағын нығайту үшін мемлекетіміз Шанхай Ынтымақтастығы ұйымымен белсенді жұмыстар жүргізетініне сендірді. «Біздің бүгінгі кездесуіміз табысты әрі тиімді болады деп сенемін»,- деді Қ.Тоқаев.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Шанхай Ынтымақтастығы ұйымы сыртқы істер министрлері кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында биылғы жылдың 5-6-маусымында Астанада өтеді деп межеленген ұйымның кезекті саммитіне дайындық жұмыстары сараланады. Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының ағымдағы іс-қызметі жайында, сондай-ақ, ұйымның халықаралық іс-қызметі мен қазіргі халықаралық өзекті проблемалар сарапқа салынады.
Шанхай Ынтымақтастығы ұйымы сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына ҚХР СІМ Ли Чжаосин, Қырғызстан сыртқы істер министрі Асқар Айтматов, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Тәжікстан сыртқы істер министрі Талбак Назаров, Өзбекстан сыртқы істер министрі Элёр Ганиев, Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының атқарушы хатшысы Чжан Дэгуан қатысуда.