Қазақстанның елордасына Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері келе бастады. ШЫҰ қатысушы елдері қорғаныс министрлерінің кеңесі шеңберінде Астанада ШЫҰ мүше мемлекеттері әскери үрмелі оркестрлерінің «Бейбітшілік кернейі» атты 3-ші халықаралық фестивалі өтеді. ШЫҰ қатысушы елдері әскери музыканттарының фестиваліне Қырғыз Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы әскери оркестрлерінің жеке құрамы қатысады.
Дәл бүгін сағат 20.00-де Астананың төрінде орын тепкен «Бәйтерек» монументінің алаңында барлық өнер сүйер қауым ШЫҰ мүше мемлекеттері әскери оркестрлерінің жанды дауыстағы орындауларына құлақ құрыштарын қандыра алады. Онда плац-концерті бар концерттік өнер көрсету өтеді. Фестиваль 8 маусымда «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының алдында ғаламат плац-концертпен аяқталады. ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрдің музыканттары қазақтың ұлттық нақыштағы әуендеріне аса мән беріп, сазгерлеріміздің әйгілі музыкалық шығармалары мен қазақтың ұлттық әндерінен попурри ұсынғанын естеріңізге сала кетейік.