Митингіге шамамен 500-дей адам келген. Олардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мектеп оқушылары мен студенттер, Астана қалалық әкімшілігінің қызметкерлері мен қаланың қарапайым тұрғындары бар. Адамдар қолдарына қазақ және орыс тілдерінде жазылған «Қазақстан лаңкестікке қарсы», «Дүниежүзінде лаңкестік жойылсын», «Біз сіздермен бірге қайғырамыз» деген жазулары бар плакаттар ұстаған екен. Астана тұрғындары елшілік ғимаратының жанында арнайы орнатылған орындыққа гүл шоқтарын әкеліп қоюда.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Сансызбай Есілов , қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Михаил Бутенко және басқа да адамдар Беслан қаласының тұрғындарына қолдау білдіре сөз сөйлеп, көңіл айтты. М.Бутенко өз сөзінде : «ардагерлер қауымы тым құрыса қарттар мен балаларға да аяушылық жасамаған қаныпезерлердің әрекетіне қаны қайнап отырғанын» атап көрсетті. Ол Астана қаласының ардагерлері Ресей президенті Владимир Путиннің лаңкестікке қарсы күрес жолында қолданып жатқан шараларын қолдайтынын білдірді. М.Бутенконың пайымдауынша, «қылмыскерлердің туыс-туғандарын да қатаң қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет». Сонда ғана, М.Бутенконың пікірінше, «қаныпезерлер осындай жауыздығы үшін ақша емес, кекке душар болатынын білер еді».
Митингіге қатысушылардың алдына Қазақстандағы Ресей елшілігінің аға кеңесшісі Валерий Швец шығып, Астана тұрғындарына ресейліктер үшін осынау қайғылы сәтте қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдірді.
KZ-today тілшісінің хабарлауынша, митингтің ресми аяқталғанына қарамастан, елшілік ғимаратына адамдар әлі де келіп жатыр. Олардың басым көпшілігі мектеп оқушылары. Олар гүл шоқтары мен плакаттар әкелуде.
Дипломатиялық миссия сағат 11-де қала тұрғындары үшін есігін айқара ашпақ. Ресей елшілігі арнайы ашқан кітапқа қалағанның бәрі де қаза тапқандарға көңіл айтып, оқиғаға деген өз көзқарасын білдіре алады.