«Бұл бас қосу СПЕКА-ға мүше елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мүмкіндік береді»,- деді конференцияның ашылуында сөз сөйлеген ҚР вице-премьері- индустрия және сауда министрі Сауат Мыңбаев. Ол форум барысында «екі жақты және көп жақты аймақтық байланыстардың ролін талқылауға, жаҺандану құбылысының кері әсер-ықпалын азайтуға қажетті дұрыс бағыт-бағдар табылады» дегенге сенім білдірді.
Конференцияда СПЕКА бағдарламасын нығайту және жаңалау жолдары талқыланып, 2005-2007-жылдарға арналған жаңа жұмыс жоспары жасалады.
Форумға қатысушылар Орталық Азиялық еркін сауда аймағын құруға, Орталық Азияның біртұтас рыногын немесе Орталық Азиялық Одақ құруға қатысты ұсыныстарды дәйектейді. Ол осынау аймақта экономикалық дамуға, әлемдік экономикаға кірігуге және жеке меншік секторға тың мүмкіндіктер беруге мейлінше қолайлы жағдайлар туғызуға бағытталады.
Сонымен бірге форумда инвестициялық ахуалды жақсарту, тікелей инвестицияға септігін тигізу, шағын және орта кәсіпорындарға қолдау көрсету мүмкіндіктері қаралады.
БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған арнаулы бағдарламасы — СПЕКА-ға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Әзербайжан біріккен. Астанадағы конференция барысында СПЕКА бағдарламасына Ауғанстан бірігеді деп күтілуде.