Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі заңды күшіне енді. Бұл үкім елорда тұрғыны, 50 жастағы Тамара М.-ға қатысты шығарылды. Ол бірге тұратын серігін өлтіргені үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қылмыс өткен жылдың 1 маусымында Астана қаласы, Оспан батыр көшесіндегі жалдамалы пәтерде орын алған. Тергеу барысында анықталғандай, сол күні ер адам бірнеше рет сыртқа шығып, қайта оралған. Әр шыққан сайын оның мастығы күшейе түскен. Тамара да үйден дүкенге шығып, жолда таныс құрбыларын кездестірген. Балаларды қорғау күнін атап өту барысында олар бірге ішімдік ішкен. Үйіне түн ортасына қарай бірақ қайтқан. Көп ұзамай мас болған серігі де келеді. Ол еш себепсіз Тамараны балағаттап, ұрып-соғып, шашынан сүйреген. Содан кейін одан қағаздан темекі орап беруін талап еткен.
Тамара бөлмеден қашып шыққанымен, біршама уақыттан кейін пышақ алып, қайта оралған. Ер адам бұл кезде темекі орап тұрған. Әйел оның артынан келіп, құлағынан ұстап өзіне қаратып бұрып, мойнынан орып жіберген. Қансыраған ер адам да шабуыл жасауға әрекеттеніп, Тамараны еденге итеріп жіберген. Бірақ өзі де жерге құлап, қайта тұрмаған.
Тамара көршілеріне жүгіріп барып, жедел жәрдем шақыруды өтінген. Оқиға орнына келген дәрігерлер жәбірленушінің қайтыс болғанын растады. Тамара өз әрекетін ҚР ҚК 106-бабы, 3-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге әкелу) бойынша саралауды сұрады. Алайда бірінші сатыдағы сот ҚР ҚК 99-бабы, 1-бөлігі (қасақана кісі өлтіру) бойынша оның кінәсін дәлелденген деп таныды.
Сот үкімімен Тамара орташа қауіпсіздік режиміндегі түзету мекемесінде 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.