Астанада тұңғыш рет өткізіліп жатқан кітап жәрмеңкесі — елорданың мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі.
Жәрмеңке аясында ұйымдастырылған көрмеге Қазақстанның, Ресей Федерациясының және өзге де мемлекеттердің әдеби, ғылыми, оқыту-әдістемелік, сондай-ақ балаларға арналған кітап басылымдары қойылған. Көрме оқыту-әдістемелік құралдар, әдеби, діни, музыкалық, техникалық, мультимедиялық, электронды және өзге де басылымдарды таныстыратын 17 ауқымды бөлімді қамтиды.
Халықаралық кітап жәрмеңкесіне баспалар, полиграфиялық комбинаттар, кітапханалар, кітап дүкендері, сонымен бірге отандық «Атамұра», «Көкжиек-Б баспасы», «Шын-Кітап», шет елдік «LEM», «GBV Dillenburg GmbH» (Германия), «Abby Press», «Мозаика-Синтез» (Ресей) және басқа да баспалар қатысып жатыр.
Отандық және шетелдік ұйымдарды біріктірген көрме полиграфия мен баспа ісі саласындағы халықаралық қатынастарды одан әрі нығайта түспек.
30 наурыз — 1 сәуір аралығында өтетін көрме аясында кітап нарығындағы келелі мәселелерді талқылау мақсатындағы дөңгелек үстелдер мен семинарлар ұйымдастырылмақ.