Астанада Тұңғыш Президент музейінде мектеп оқушыларына ұлттық аспаптар туралы дәріс оқылды - kaz.caravan.kz
  • $ 523.2
  • 594.3
+11 °C
Алматы
2025 Жыл
17 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада Тұңғыш Президент музейінде мектеп оқушыларына ұлттық аспаптар туралы дәріс оқылды

Астанада Тұңғыш Президент музейінде мектеп оқушыларына ұлттық аспаптар туралы дәріс оқылды

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінде қазақтың көрнекті композиторы, күй дүлейі Н. Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай, елордалық оқушыларға «Музыкалық аспаптар сөйлейді» атты дәріс өтті.

  • 11 Сәуiр
  • 19
Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Оған елордадағы бірнеше мектептің оқушылары қатысты. Музей қызметкерлері жас буынға ұлттық аспаптардың шығу тегі мен тарихы жайлы танымдық дәріс оқып, Н. Тілендиевтің қазақ аспаптарын үгіттеудегі ерен еңбегін сөз етті. 

Айта кетерлігі, танымдық дәріс Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай, «Ulttyq Qazyna» жобасы аясында өткізіліп отыр. Осылайша мектеп оқушыларына желбуаз, дауылпаз, адырна, дудыға, тоқылдақ және т.б. қазақтың ұлт аспаптары туралы қызықты әрі жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Іс-шараның серіктесі – Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония.

«Тоқылдақ аспабы – аты айтып тұрғандай, тоқылдық құсының үнін дыбыстайды. Сол себепті оның атауы солай қойылған. Халқымызда ұлттық аспаптардың басым көпшілігі көшпелі өмірге бейімделіп, көлемі жөнінен шағын әрі ықшам етіп жасалған. Тоқылдақ аспабы да дәл сондай. Мысалы, Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» компазициясының бастапқы ноталарында орындалатын әуен дәл осы тоқылдақ аспабына тиесілі. Біздің мақсатымыз – жас жеткіншектерге өзіміздің ұлттық өнерді дәріптеп, қазақтың күй өнеріне баулу», — деді Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Сарыарқа» ұлт-аспаптар оркестірінің жетекшісі Тоғжан Жахин. 

Одан бөлек, оркестр музыканттары жетіген, адырна және т.б. үрлемелі-шекті аспаптарда ұлттық күйлерді орындап, оқушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Танымдық дәрістің тағы бір ерекшелігі – жеткіншектер арнайы QR код арқылы көнерген ұлттық аспаптардың үнін естіп, олармен жақын таныса алды. 

«Бұған дейін домбыра, қобыз деген ұлттық аспаптармен ғана таныс болғанмын, бүгін міне осындай дәрістің арқасында еліміздің өзге де, көптеген, халық көп біле бермейтін аспаптармен танысып отырмыз. Осындай игі шара ұйымдастырып отырған ұйымдастырушыларға рахмет. Балаларға өте қызықты болды деп ойлаймын», — дейді елордалық мектеп оқушылары. 

Жас ұрпаққа ұлттық музыкалық аспаптар туралы құнды ақпарат беру өте маңызды, дейді ұйымдастырушылар.

Жалпы «Ulttyq Qazyna» жобасы – мәдени құндылықтарды сақтаудың дәстүрлі әдістерін заманауи технология және шығармашылық тәсілдермен ұштастыратын кешенді бастама. Бұл жоба ұлт мәдениетін дәріптеуді түрлі әлеуметтік және жас ерекшеліктеріне сай топтар үшін қолжетімді әрі тартымды етуге мүмкіндік береді

Айта кетейік, «Тұңғыш Президент музейі» корпоративтік қоры – ғылыми, мәдени, әлеуметтік, ақпараттық-білім беру және басқа да қоғамдық маңызы бар бастамаларды жүзеге асырып, ҚР Тұңғыш Президентінің өмірі мен қызметіне байланысты материалдарды жинақтау, есепке алу, сақтау, жүйелеу және насихаттауға бағытталған. 

Музей ұлттық және мәдени өзіндік ерекшелікті қалыптастыру үдерістерін, сондай-ақ қазақстандық патриотизмді нығайту мәселелерін жарыққа шығаруда қоғамдық коммуникациялар үшін ашық алаң ретінде қызмет етеді.