Астанада тұрғын үйлер опырылып жатыр: Салғырттық пен немқұрайлылық неге әкеліп соқтыруы мүмкін? - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
0 °C
Алматы
2025 Жыл
20 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада тұрғын үйлер опырылып жатыр: Салғырттық пен немқұрайлылық неге әкеліп соқтыруы мүмкін?

Астанада тұрғын үйлер опырылып жатыр: Салғырттық пен немқұрайлылық неге әкеліп соқтыруы мүмкін?

Елордада тұрғын үйлердің қауіпсіздігі мәселесі тағы да қоғам назарында. 8 қараша күні Тәуелсіздік даңғылы 24Б мекенжайында орналасқан тоғыз қабатты үйдің қасбеті опырылып түсіп, бес адам зардап шекті. Солардың ішінде басына кондиционер құлаған жас фельдшер бар. Оның жағдайы өте ауыр.

  • 14 Қараша
  • 133
Фото: видеодан алынған

Астана қашан қауіпсіз болады? Тұрғындар бұл үйге қатысты проблемаларды он жылдан бері көтеріп келеді. Жарықтар мен сапасыз құрылыс шағымдарына қарамастан мемлекеттік органдар әлі күнге дейін нақты шешім қабылдамаған. Осындай салғырттық пен неқұрайлылық соңында қайғылы жағдайға әкелді. Қазір адамдар өз үйіне кіруден қорқады, себебі қасбет әлі де үгітіліп түсіп жатыр. Үйдің тағдыры мен қауіпсіздікке кім жауап беретіні әзірге белгісіз. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Сенбінің қайғылы таңы

Сенбі күні таңғы 10:27-де тоғыз қабатты үйдің сыртқы қасбетінің бір бөлігі опырылып түсті. Құлаған жерде дүкен орналасқан, ішінде адамдар болған. 10:29-да жедел жәрдемге қоңырау түсті. Үш адамның үстіне кірпіш қаптамасы құлап, көмек қажет екені хабарланды. Тоғыз минуттан кейін оқиға орнына үш бригада жетті.

Алайда алғашқы көмек көрсету кезінде екінші апат тіркелді. Көрші үйден кондиционер қондырғысы үзіліп түсіп, шатыр қаптамасын тесіп өтіп, фельдшер қызды басып қалды. Денсаулық сақтау басқармасы екі фельдшердің жарақат алғанын растады. 23 жастағы Ұлдана Мырзабекова жансақтау бөліміне түсті. Жағдайы өте ауыр.

«Басына кондиционер құлады»: күйеуінің жан айқайы

Әлеуметтік желіде жараланған фельдшердің жұбайының үндеуі тарады. Айтуынша, Ұлдана Байқоңыр ауданында жедел жәрдемде жұмыс істейді және қасбет құлаған жерге шақырту бойынша барған. Фельдшерлер төтенше жағдай қызметін шамамен бес минут күткен. Сол сәтте ғимараттан баланың жылаған даусы шығып, Ұлдана ішке жүгіріп кіріп, балаларды эвакуациялаған. Ер адамға көмектеспек болғанда, жоғарыдан кондиционер құлаған.

Күйеуі полицияның бастапқыда арыз қабылдағысы келмегенін, оқиғаны еңбек жағдайына байланысты емес деп рәсімдегісі келгенін айтты. Ал Астана әкімдігі мен жедел жәрдем станциясы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ресми дерек бойынша, оқиға бірден өндірістік жарақат ретінде тіркелген, еңбек инспекторы оқиға орнына келіп, тексеріс бастаған.

Ұлдананың жұбайы оның жарақаты туралы қосымша ақпарат берді: ауыр бас-ми жарақаты, мұрын сүйектерінің сынуы, үлкен субдуральді гематома. Ота барысында 2,5 литрге жуық гематома алынған.

Ерлі-зайыптылар екі апта бұрын ғана шаңырақ көтерген. Қазір Ұлдана реанимацияда. Жағдайы ауыр. Екінші фельдшер нейрохирургия бөлімінде. Зардап шеккен үш азаматтың бірі жансақтауда, қалған екеуі профильді бөлімдерде жатыр.

Куәгерлер не көрді?

Куәгерлер опырылу сәтін егжей-тегжейлі баяндады. Дүкеннен үй тұрғыны мен оның екі әпкесі шығып келе жатқанда, кірпіш қаптамасы олардың үстіне құлаған. Әйелдердің бірі ауыр жарақат алған. Ал кондиционер басқа үйден құлаған, ол төменге түсіп келе жатқан кірпіштердің соққысынан жұлынып кеткен. Көрші үйдің қабырғасындағы іздер оның дәлелі.

Дүкеннің кіреберісі екі үйдің арасындағы тар өткелде орналасқан. Куәгерлер мұның ресми эвакуациялық шығу емес екенін, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін айтты.

Үйдегі мәселелер: жарықтар, заңсыз өткел, қорқыныш

ОСИ төрайымы қызметін атқаратын тұрғынның айтуынша, екі ғимарат арасындағы өткел заңсыз салынған болуы мүмкін. Дәл сол жерде үш тұрғын мен екі фельдшер үйінді астында қалған.

Тұрғындар жаңа опырылулардан қорқып отыр. Қасбеттің әр жерінде жарық бар. Трагедиядан кейінгі кеште тағы бір кірпіш құлаған. Ертеңінде тағы біреуі. Адамдар түні бойы кезекшілік етіп, ТЖМ шақырған. Бірақ олардың айтуынша, нақты жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Тұрғындар 2014 жылдан бері мемлекеттік органдарға шағымданып келеді. 2019 жылы ресми хат жолдаған. Бұған дейін қасбетке промальптар келіп, жарықтарды сырттай жауып кеткен, бірақ жүйелі жөндеу жүргізілмеген.

Мүмкін себептер: құрылыс кезіндегі бұзушылықтар

Авторлық қадағалау өкілі тұрғындарға төмендегіні айтқан:

-кірпіш қалауда әр бес қатар сайын міндетті болуы тиіс арматуралық тор салынбаған;

-облицовкалық кірпіш бұған дейін бес қабаттан жоғары ғимараттарға қолдануға рұқсат етілмеген, кейін норма өзгергенімен, жүктеме сол қалпы қалған.

«Үй 20 жылда бұлай шіруі мүмкін емес», — дейді тұрғындар.

Құрылыс компаниясы жоқ

Бұл үйді кезінде «Гражданстрой» компаниясы салған. Қазір компания жоқ, иесі қайтыс болған. Демек, құрылыс сапасына жауап беретін нақты тұлға жоқ. Алайда архивте құрылыс актілері мен авторлық қадағалау құжаттары сақтаулы мүмкін. Тұрғындар сол материалдарды көтеруді талап етіп отыр.

«Біз оқ-дәрі қоймасында тұрғандай өмір сүріп жатырмыз», — дейді тұрғындар.

Жанындағы пәтердің иесі балаларын шығаруға қорқатынын айтты. Бір баласы — мүмкіндігі шектеулі. Түн бойы кірпіш құлап кетеді ме деп ұйықтамаған. Басқа тұрғындар да үйдің жанынан өтуге қорқады. Қасбет жаңбыр мен температура ауысқанда тез үгітіледі.

«Бізге керегі — қауіпсіздік. Өтінеміз, өмірімізді қорғаңыздар», — дейді олар.

Қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сонымен бірге еңбек инспекциясы ҚР Еңбек кодексінің 188-бабы бойынша еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына қатысты тексеріс жүргізіп жатыр.

Алайда тәжірибе көрсеткендей, мұндай істер сотқа сирек жетеді.

Осы ретте БАҚ беттерінде жарияланып, белгілі болған жағдайларды еске салайық.

Қарағанды, 2012. «Бесоба» ТҮК. Екі подъезд құлап, ТЖ жарияланды. ГАСК экс-басшысы 3 жылға сотталды, шенеуніктер амнистияланды, құрылыс компаниялары айыппұл төледі.

Қарағанды, 2013. Костенко көшесіндегі үйде балкон опырылып, екі ер адам қайтыс болды. 2007–2013 жылдары қалада кемінде 15 балкон құлаған.

Алматы, 2024. Ақсақай-4 шағын ауданында 200 шаршы метр фасад құлады. Себебі — бекіткіш пен желім қабатының ақауы.

Алматы–Астана, 2018–2025. Ондаған үйде қасбет үгітілуі тіркелген. Негізгі себептер: технологияны бұзу, сапасыз материалдар, кепілдік мерзімінің бітуі.

Павлодар, 2025. Жаңа мектеп құрылысында 600 шаршы метр плита құлап, бір адам қаза болды.

Жауапкершілік кімде?

Қазақстанда ғимарат қауіпсіздігі үшін жауап беретін тараптар:

• құрылыс компаниясы/бас мердігер — құрылыс сапасы;

• жобалау ұйымы — жобалық шешімдер;

• мемлекеттік қабылдау органдары — нысанды қабылдау;

• КСК/ОСИ және меншік иелері — пайдалану және күтім.

Қылмыстық кодексте «сапасыз құрылыс» бабы бар. Жаза — айыппұлдан 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру. 

Неге мұндай жағдайлар жиілеп кетті?

Сарапшылар себептерді былай түсіндіреді:

— ғимараттарды қабылдау формалды түрде өтеді;

— сараптама үстіртін жүргізіледі;

— мердігер–субмердігер-жеткізуші тізбегі жауапкершілікті бұлдыратады;

— кепілдік біткен соң жөндеу тұрғындарға жүктеліп, жылдар бойы созылады.

Перейти к новостям спорта