Жарияланды: 390

Астанада тышқан жайлаған үйдің тұрғындары тірідей көміліп қалуы мүмкін

Астанада жүзден аса адам бір сәтте үйіндінің астында тірідей  көміліп қалуы мүмкін. Себебі емшектегі баласы, мүгедек, зейнеткері бар 33 шаңырақ паналап отырған ескі үй қирағалы тұр. Бастарын өлімге тіккен жұртқа шенеуніктер жаңа пәтер беруге уәде еткелі қашан. Алайда, халық әкімдік алдап кетті деп отыр. Ашынған тұрғындар енді үйдің ішін басқан тышқан,  құрбақалармен бірге өмір сүруге мәжбүр.

-Тышқан, маса, тарақанмен  құшақтасып ұйықтаймыз. Өлетін болдық.

Бұл тұрғындар үйлерін жайлаған зиянкестердің атын жатқа соғады.  Әйнек-терезесі сынып, қирағалы тұрған екі қабатты баспана тышқандардың сүйікті мекеніне айналған. Құрбақалар да бөлме ішін кезіп жүр.

-Бүрге шаққанда не көзге көрінбейді, не қолға ұстатпайды. Қандаласы да бар осы үйдің.Антисанитария деген осы ғой. Бала-шаға. Мұнда бір үйде 3 баладан бар.

1941 жылы тұтқындар салған баспанада жұрт өздерін тұтқында отырғандай сезінеді. Жылу құбырлары шіріп, еден мен қабырғалары қақыраған үйдің жаңбыр жауса төбесінен су сорғалайды. Соңғы жарты ғасырда жөндеу көрмеген ағаш баспанада осылайша 33 отбасы өлместің күйін кешіп отыр.

-Өз ақшамызға жинаймыз, мына құбырдың бәрін қолмен тазалаймыз. Осыны ауыстырамыз. Әкімшілікке барғанда бұл меншікке өткен үй дейді. Өздерің ақша жинап, өздерің істеу керексіңдер дейді.

Қара суықтан тоқ пеш қосқандықтан электр сымдары қысымға шыдамай күйіп кеткен. Далада қаңғып қалғалы тұрған жұртты Астана әкімдігі жаңа үйге көшіреміз былтыр уәде етіпті. 20 жылдан бері бос уәдеге алданғандар сөзінде тұрмайтын шенеуніктерге ренжулі.

Қаратай Мұсабаев, Астана қаласының тұрғыны:  

-Құжат  дайындап әкел деді. Дайындап бердік. Әлі одан хабар жоқ. 21 жыл тұрам өзім . Ешкім керек қылмайды.

Басынан бағы ұшқан үйдің дәретханасы далада. Енді жұрт Астананың аязын сары уайыммен күтіп отыр. Бөлме ішін жайлаған тышқан, бүргені айтпағанда, есік аузын қоқыс басып кеткен. Ал әкімдіктегілер төзімі таусылған халыққа тағы күте тұруға кеңес берді.

Асхат Елеужанов, Астана қалалық Тұрғынүй басқармасы басшысының орынбасары:

-Адамдардың мазасыздануын жақсы түсінемін. Бірақ қалада бұдан да нашар үйлер бар. Бәрі дұрыс болса, Ақсеңгір көшесінің тұрғындары 2016 жылдың ақпан-наурыз айларында ғана  жаңа пәтерге көшірілуі мүмкін.

Бірақ, бұл жоспар ғана. Оның өзгеріп кетуі де ғажап емес. Қалай болғанда да, тышқан  құрбақамен бірге өмір сүріп жатқан жұрт кемі жарты жыл күтуі керек. Себебі Астанада 228-ден астам құлағалы тұрған үй бар. Ал жаңа пәтерді күтіп отырғандардың саны 3 жарым мыңнан асады. Мұның бәрін тез арада баспанамен қамти алмайтынын шенеуніктер мойындап отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін