Астанада Үкіметтен үй сұрап келген батыр ананы балаларымен полиция ұстап әкетті - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада Үкіметтен үй сұрап келген батыр ананы балаларымен полиция ұстап әкетті

Астанада Үкіметтен үй сұрап келген батыр ананы балаларымен полиция ұстап әкетті

Астанада «Алтын алқа» иегері 8 баласымен Үкімет үйінің алдына түнемекші болды. Себебі оралман отбасының шиеттей ұл-қызымен басқа барып бас сауғалайтын жері жоқ. Жалға алып тұрып жатқан қуықтай үйдің өзін әкімдік сүріп тастаған соң, далада қаңғып қалыпты. Ал  баспана сұрап Үкімет үйінің алдына көрпе төсегін жерге жая бергені сол еді, полиция батыр ананы бала-шағасымен көлікке тиеп әкетті.

  • 30 Шiлде 2015
  • 407
Фото - Caravan.kz

Бұл көздері жәутеңдеген балалардың үлкені 16-да, кішісі 2 жаста. Шешесімен далада қаңғып қалған 4 ұл, 5 қыздың  көптен бері тоя тамақ ішпегені де көрініп тұр. Ала сөмкеге көрпе-төсегін салып, алтын алқасын арқалаған Жеңісгүл Ермұхамбеттің енді не болса да бар үміті Үкіметте. 

Жеңісгүл Ермұхамбет, «Алтын алқа иегері»

-Менің ойым Үкімет үй берсе. Әрі қарай мыналарды бір мықты мықты нағыз батырлар қылып тәрбиелеп берем. Әрі иманды білімді қып. Ал үй бере алмаса бізді түрмесіне қамап тастасын.

Бұл отбасы 11 жыл бұрын Қытайдан Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына көшіп барғанымен, күйі болмай былтыр Елордаға қайтып келіпті. Отағасы денсаулығы нашарлап қазір ауруханада жатыр. Ауыр сырқаттан 2008 жылы мылқау боп қалған. Бұл жәйт әкесінің даусын естіп көрмеген  балаларының  жанына қатты батады екен.

Мұхаммед Рысбек: ұлы

-Бізде үй болғанын қалаймын. Әкемнің тілі шықсын. Тілі шықса.

Жеңісгүлдің өзі де жақында ота жасатқан . Әбден титықтаған әйел күйеуінің мүгедектігі үшін алатын 24 мыңы мен мемлекеттің жәрдемақысымен өлместің күйін кешіп отырғандарын айтады.   

Жеңісгүл Ермұхамбет: «Алтын алқа иегері»

-Өзіме 16 мың, «Алтын алқа» үшін  11 мың, сосын бала үшін берілетін жәрдемақы бар. Оның бәрін пәтерақыға  төлейміз, қалғанын ішіп жейміз. Шығыс Қазақстанда ешкім қараспады. Тек Үкіметтің көмегіне мұқтажбыз.

35 мыңға жалдап тұрып келген жоқ-жітік отбасының жалғыз баспанасын жақында әкімдік сүріп тастапты. Барар жер, басар тауы қалмаған Жеңісгүл үй сұрап бүгін Үкімет үйінің алдына жатып алмақшы болды. Алайда, шиеттей бала-шағасын ерткен батыр ананың жолын полиция бөгеп,Үкімет үйіне қарай жіберген жоқ.

-Тұра тұрыңыз апа. Жібере алмаймын сізді.

Сөйтіп, заңсыз митингкке шыққан алтын алқа иегерін ұл-қызымен тәртіп сақшылары Газелге тиеп, алдымен әкімдікке кейін жұмыспен қамту орталығына әкелді. Іске тілшілер араласқан соң ғана шенеуніктер жатақханадан бөлме бөлуге уәде етіп отыр.

Ләззат Әбуова, Астана қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

-Бүгін кешке дейін 6-ға дейін. Қазір жалға беру келісімін  жасаймыз. Шешім қабылданғанша  тұрады. Далада қалмайды.

Жеңісгүлдің өзі 42-де, ал күйеуі 67 жаста. Сегіз баланың алтауы Қазақстанда дүниеге келген. Бөлме беріледі дегенді естіп ауруханада жатқан отағасының көңілі көтеріліпті.Таң азаннан нәр татпаған ұл-қыздар да нан жеп шаттанып жүр. Тек олар бұл қуаныштың ұзаққа созылғанын қалайды. 

Соңғы жаңалықтар