Астанада үлескерлер дайын үйлеріне бас сұға алмай жүр
|
Үлескерлерден күрескерлерге айналды! Тиісті пәтерлеріне қоныстана алмай жүрген астаналық 36 отбасы сот орындаушылардың жұмысына наразы. 2 жылдан бері 20-ға жуық сотты басынан өткізген үлескерлердің үйінде қазір басқа адамдар тұрып жатыр. Бір қызығы, олар да үлес құрылысқа ақша құйған. Бар пәле - мемлекет ақшасына үйдің құрылысын аяқтаған мердігерден шығыпты. Компаниясының құлқыны кең басшысы пәтерлерді жалған құжатпен бірнеше адамға сатқан.
Зайсан Назаров бұл пәтеріне күнде келеді. Алайда, қазір бұл үйде ешкім тұрмайды екен. 2004-ші жылы үлескер болам деп, ақшасын салған жігіт ағасы соңында осылайша бармағын тістеп қалған. Өйткені, құрылыс компаниясы бұл кісіге тиесілі үйді басқа біреуге беріп жіберіпті. Ал фирма басшысының өзі үлескерлердің ақшасын жымқырып, ізім-ғайым жоғалған. Тек 2010-шы жылы әкімдік шешімді қайта қарап, бұл пәтердің Зайсан Назаровқа тиесілі екенін анықтаған. Содан бері 2 жыл өтсе де, үлескерлер бір-бірімен жаға жыртысып келеді.
Зайсан Назаров, үлескер:
- Олар бар пәтерлерін алып алды. «Байқоңырда» тұрады. 87-інші үйде. Мынау үйді екі жылдан бері жалға беріп қойған. Мен өз үйіме кіре алмай отырмын. Документтерінің бәрі менікі. Соңғы сөз сот орындаушыларында болуы керек еді, мыналарды шығару керек еді, соны жасай отыр ғой.
Сот орындаушылардың жұмысына көңілдері толмаған үлескерлер енді олардың жұмыс орнына келді, басшылығымен сөйлесуге. Алайда, Департамент басшылығы келген үлескерлерге жылы қабақ таныта қоймаған сыңайлы.
Бүгін мұнда Зайсан Назаровпен бірге 36 үлескер келді. Олардың да күйттегені бір-тезірек өз баспаналарын алу. Алайда, сот орындаушылардың енжарлығы баспаналарына тез ие бола қоюға кедергі келтіріп отырса керек. Ал департамент басшылығы қызметкерлерінің жұмысқа салғырт қарауынан еш әбестік көрмейді, керісінше, заңды белшесінен баспай жұмыс істеп жатырмыз дегенге сайды жауаптары.
Санжар Тағаев, Астана қалалық сот актілерін орындау департаментінің бастығы:
- Мен оларды 3-4 мәрте оларды осында қабылдап түсіндіргем. Өйткені,заңда көзделген барлық процедуралар бар. Олардың бәрін өткізбей, біз барып біреудің үйін ашып, өз-өзімізден шығарып, босата алмаймыз. Оларда ертең сот орындаушылардың үстінен арыз-шағым түсіреді. Сондықтан, біз осы процедуралардан өтіп алуымыз керек. Солардың бірі осы ұсыныстарымыз.
Заңды пәтерлеріне кіре алмай жүрген олардың ендігі бар үміті -елбасында. Өйткені, сот орындаушылары іс бітіреді дегенге бұл үлескерлер сенуден қалған. Жақын күндері олар президенттің атына хат жолдамақ.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін