Астанада ұстаздар мектеп директорын ақша жинайды деп айыптап, айғай-шу шығарды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада ұстаздар мектеп директорын ақша жинайды деп айыптап, айғай-шу шығарды

Астанада ұстаздар мектеп директорын ақша жинайды деп айыптап, айғай-шу шығарды

Астанадағы нөмірі 67 мектеп гимназиясының мұғалімдері Білім министрі Ерлан Сағадиевқа хат жазып, араша сұрады. Ашынған ұстаздар мектеп директорын ақша жинатады деп айыптап, орнынан кетуін талап етуде. Тіпті, мұғалімдер бүгін гимназияға білім басқармасы басшысын шақыртып, бірнеше мәселені тізіп берді.

  • 11 Мамыр 2017
  • 6606
Фото - Caravan.kz

Ақпарат құралдарын кіргізбей, жабық өткен бұл жиында Астанадағы нөмірі 67 мектептің ұстаздары бүгін сабақ айтуға ынталы оқушыдай, микрофонға таласты, деп хабарлайды 31 арна тілшісі. Гимназияға арнайы келген білім басқармасы басшысы алдында директорға қатысты заңсыздықтарды тізіп берді. Ұстаздардың айтуынша, мектеп басшысы мұғалімдерді жұмысқа алу үшін "ставка" қойып, сұранған сағаттарына, категорияға ақша төлеттірген. Ал спорт зал жалға алатындардан босамай, оқушылар бас сұғудан қалыпты…

"Мектептің ішінде беретін 2-ші категорияға 15 мыңнан жинады, не сұмдық. Кетсін жұмыстан директор, ол кісі мәдениетсіз, адаммен тіл табыса алмайды" дейді мектеп мұғалімі Гүлмира Әбенова.

Балаға сабақ үйретудің орнына, директормен дауласқан ұстаздар басшыларын гимназияны басқаруға лайықсыз дейді. Әлфия Мұсаева мұғалімдермен тіл табыса алмайды, дөрекі мінез көрсетеді деген айыптауларын да білім басқармасы басшысы алдында жарыса айтты. Тіпті, балалардан да түрлі концерттер үшін ақша жинатып, билет сатуға міндеттейтіні жанымызға қатты батты дейді ұжым…

"Осы мұғалімдер қорыққаннан жинайды балаларды. Қыс бойы концерт ақылы. 600-700 теңге. Бүкіл балаларды сабақтан босатып әкеп отырғызып қояды" дейді тағы бір ұстаз Қайыржан Шаяхметов.

Ашынған ұстаздар жиында айтқандарын ашық хатқа түгел тізіп, білім министрінің атына жолдапты. Ал мұғалімдердің шегі жоқ шағымдарын үнсіз тыңдап отырған білім басқармасының басшысы, жұбататын ешнәрсе айтпады. Шулағандардан төзімі таусылды ма, комиссия тексереді дегенді желеу етіп кетуге жиналған шенеунікті сөйлеп үлгермеген ұстаздар бас салды. Алайда, шырылдаған мұғалімдердің шағымын тыңдауға шенді уақытым жоқ деп қашып кетті…

Ұстаздардан әрең құтылған білім басқармасы басшысының жанынан екі елі қалмай жүрген мектеп директоры, әрине тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарды. Үстінен арызданып, білім министріне хат жолдап жүрген мұғалімдердің өздерін "сабағын тастап, басқа кабинетте жүреді, қол жоспар жазбайды, тіпті мектепке ішімдіктің иісімен келеді" — деп айыптады…


"Олар ақшаны маған емес, бір біріне берген. Менде қол хаттары бар. Мен қатаң сөгіспен қалдырдым, себебі кадр жетіспейді" мектеп директоры Әлфия Мұсаева.

Енді білім басқармасының мамандарынан құрылған комиссия мұғалімдердің шағымын жеке жеке тексеруі тиіс. Ал басы дауға қалған мектеп директоры бүгінгі шудан кейін орнымнан кетпеймін дейді. Енді ол өзінің үстінен шағымданған ұстаздармен сотта кездеспек.