Жарияланды: 1300

Астанада "XXI ғасырдағы Қазақстан-Ресей ықпалдастығы және ғаламдану қатері" атты халықаралық конференция басталды

Бүгін, 23-қаңтарда Астанада Қазақстандағы Ресей жылына орай "XXI ғасырдағы Қазақстан-Ресей ықпалдастығы және ғаламдану қатері" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

"Бұл форумның тақырыбы Қазақстан үшін де, Ресей үшін де бірдей өзекті",- деді конференцияға қатысушыларға арнаған өз сөзінде ҚР парламенті сенатының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов. "Әлемді жаппай шарпыған ғаламдану құбылысына байланысты қалыптасып отырған қазіргі халықаралық ахуал екі елдің жалпы қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруда, түрлі қауіп-қатерлерге дер кезінде жауап бере алатындай біртұтас стратегия жобасын жасауда өзара күш-жігер біріктіруін талап етеді",- деді сенат жетекшісі. Конференцияға қатысушылар екі күнге созылатын отырыс барысында ғаламдану құбылысының бұрынғы Кеңестік кеңістікке, атап айтсақ, Орталық Азия, Қазақстан және Ресейге тигізетін әсерін анықтауы тиіс. Бас қосуда Қазақстан мен Ресейдің геосаяси ұқсастығына, екі мемлекеттің ғаламдану құбылысы аясындағы стратегиялық әріптестігінің келешегіне қатысты проблемаларға баса назар аударылмақ. Конференцияға Мәскеу халықаралық қатынастар институты, Ресей ғылым академиясының халықаралық қатынастар және әлемдік экономика институтының, Ташкент мемлекеттік шығыстану институтының, ҚР президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының және басқа да ғылыми орталықтардың танымал ғалымдары мен зерттеушілері қатысуда. Бас қосу соңында біріккен резолюция қабылданады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін