Астанада заңсыз мансардтар сүріліп, орны сол күйі ашық қалған - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада заңсыз мансардтар сүріліп, орны сол күйі ашық қалған

Астанада заңсыз мансардтар сүріліп, орны сол күйі ашық қалған

Астанада 20-ға жуық отбасы шатыры жабылмаған үйдің зардабын тартып отыр. Қалалық әкімдік заңсыз салынған мансардтарды шетінен сүру туралы шешім шығарған. Енді бұзу жұмыстары қарқынды іске асқанымен, оны қайта жөндеу, яғни жаңа шатырмен жабу кешеуілдеуде. Соның кесірінен, шұрық-тесік төбеден сорғалаған су пәтерлердің ішін түгел басып қалған. Тұрғындары болса түнде целлофанға оранып ұйықтауға мәжбүр.

  • 14 Қараша 2012
  • 341
Фото - Caravan.kz

— Мына шегелерді қараңызшы, мына целлофанды шегелерге кигізіп, баламды осылай жаптым. Мына көрпелер шылқылдап тұр.

Ырысты Жәкежанова отбасымен бірге түнде көрпе орнына целлофан оранып жатады. Төбеден аққан су тимес үшін. Мансардтар шетінен сүрілген кезде Ырысты сияқты тұрғындардың жәйін ескерілмесе керек.

Ырысты Жәкежанова, жатақхана тұрғыны:

— Анау үлкен легеннен 5-еуін төктім. Терезенің үстінде түнімен су жиналды. Міне, мынаның бәрі толды. Мынаның бәрі көгеріп жатыр. Киіміміз көгерген иіс сасиды.

Мына жатақхананың соңғы қабатында 15 шақты отбасы тұрады. Барлығы да кезінде үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп алған. Енді шұрық-тесік төбеден су сорғалап, ішінің көретін жері жоқ. 

Тұрғындар көресіннің бәрін мына ашық шатырдан көріп жатыр. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары жүріп жатқанымен, оған қажетті бірде-бір зат жоқ. Мұны да тұрғындар айтты. Шағымын айтып әкімдікке барғандарға берілген көмек мынау құрал ғана. Көгерген бөлмені кептіруге. Оның өзі бүкіл үйге бір түйір.

Дәмилә Әмірова, жатақхана тұрғыны:


— Берген уәделерінің бәрі далада қалды. Үйде тіпті жылу да жоқ.  Көгерген жерде отырмыз. Бүкіл үйге бір кептіргіштерін берді. Сонымен кезектесіп үйімізді кептіріп жүргеніміз.

Кезінде жаңбырдан кейінгі саңыраулақтай қаптап салынған мансардтарды құртуға биыл қатты кірісті, қалалық әкімдік. Алайда, мансардты салған емес, оның көзін жойған кезде де қарапайым тұрғын зардап шегіп отыр. Бұл жолы да Елорданың шенеуніктері жұрттың мұңын шыбын құрлы көрмеген. Десе де ай соңына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз деп кезекті уәделерін үйіп-төкті.    

Тимур Әбжанов, Астана қалалық апаттардың алдын алу және ұйымдастыру басқармасының бастығы:

— Аталған жұмыстар қараша айының аяғында бітеді, мердігердің 55-60 пайыз жұмысы жасалды. Ертеңнен бастап шатырды орнатамыз.

Ал төбесі жабылмаған басқа үйде тұрғындар әлі біраз тұратын сыңайлы. Өйткені, шенеуніктер желтоқсанның басында бітуі тиіс құрылыс жұмыстарын жаңа жылға қарай бір-ақ аяқтамақшы. Қалада қазір дәл осындай жағдайдағы 8 мансардты үй бар екен.

Соңғы жаңалықтар