Аталмыш мәдени шара Жапония мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына орай өткізілуде.
Кинокөрсетілімнің бағдарламасына енгізілген туындылардың ішінде негізінен Күншығыс елінің төл мәдениеті мен өнерін паш ететін фильмдер көп. Жапон киносының күндері Қазақ гуманитарлық-заң университетінде 29 наурызға дейін жалғасады.
Кинокөрсетілім былтыр Жапонияда орын алған зілзала мен цунами апатында зардап шеккендерге көмек берген Қазақстанға алғыс ретінде ұйымдастырылған. Оның шеңберінде режиссер Кондо Акионың «Эклер. Тәтті жол естеліктері» атты драмасы, Мимура Джюнъитидің «Квартет» драмасы, Масахиро Кобаясидің «Харумен саяхат» және Накаэ Исамудың «Рокку. Менің итімнің аралы» туындылары көрермен назарына жол тартпақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш фестиваль жапон мәдениеті мен киносына ынтық жандарды жинап қана қоймай, кез келген келушіге қызықты да жұмбақ Күншығыс елін танып білуге мүмкіндік береді.